Қарағанды қаласының 2028 жылғы ТМД-ның Жастар астанасы болып жариялануы – өңірдің дамуына, жастар әлеуетіне және Қазақстанның халықаралық беделіне берілген жоғары баға. Бұл маңызды шешім елімізде жастарды қолдауға бағытталған жүйелі мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесін көрсетеді.
Бүгінде Қарағанды облысында 303 мыңнан астам жастар өмір сүреді. Олар білім, ғылым, еріктілік, кәсіпкерлік және қоғамдық бастамалар саласында белсенділік танытып, өңірдің әлеуметтік дамуына үлес қосып келеді. Жастардың бастамашылдығы мен шығармашылығы қоғамдағы оң өзгерістердің қозғаушы күшіне айналуда.

ТМД Жастар астанасы мәртебесі Қарағанды үшін халықаралық ынтымақтастықты кеңейтіп, жаңа жобаларды жүзеге асыруға жол ашады. Алдағы уақытта өңірде түрлі форумдар, мәдени және білім беру бағдарламалары ұйымдастырылып, жастар арасындағы тәжірибе алмасу нығая түседі.
Бұл жетістік жастардың ел болашағын қалыптастырудағы рөлін айқындап, отансүйгіштік пен жауапкершілік құндылықтарын дәріптеудің маңызды үлгісіне айналды.

