Алматыда нөсер кәрізі мен арық жүйелерін жаңарту жұмыстары күшейтілді

Алматыда нөсер кәрізі мен арық жүйелерін жаңарту жұмыстары күшейтілді

Алматы қаласында су бұру инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жалғасып жатыр. Қаладағы арық желілерінің жалпы ұзындығы бүгінде 1 525 шақырымды құрайды. Мамандардың айтуынша, бұл жүйелерді тұрақты жаңарту қала көшелерін су басу қаупін азайтуда маңызды рөл атқарады.

2021 жылдан бері нөсер кәрізі мен арық желілерін қайта жаңғыртуға бағытталған жалпы құны 16,5 млрд теңге болатын үш ірі жоба жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта қаланың орталық бөлігіндегі жұмыстар толық аяқталып, 76,6 шақырым желі жаңартылды. Ал шығыс және батыс аудандардағы құрылыс-монтаж жұмыстары биыл аяқталады деп жоспарланған.

Қалада жауын-шашын кезінде арықтар мен су өткізу жүйелерінің жұмысына ерекше бақылау жүргізіледі. Мамандар су ағымын қамтамасыз ету үшін желілерді, арықтарды және су өткізу құрылыстарын тұрақты түрде тазалап келеді.

Соңғы жылдары Алматыда қысқа уақыт ішінде қатты нөсердің жиілеуі байқалады. Кей жағдайларда бірнеше сағат ішінде айлық жауын-шашын мөлшерінің жартысына жуығы түсуі мүмкін. Тығыз құрылыс пен асфальтталған аумақтардың көбеюі де жүйеге қосымша салмақ түсіріп отыр.

Осыған байланысты қалада проблемалы учаскелерді кезең-кезеңімен жаңғырту және су басу қаупін төмендету бағытындағы жұмыстар жалғасуда.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ