Алматы қаласындағы №129 мектепте құқық қорғау саласына қызығушылық танытатын оқушылар үшін маңызды жоба жүзеге асты. Білім ордасында қызметтік борышын орындау кезінде ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкері Бауыржан Нұрмаханбетовтің есімі берілген «Жас сақшы» бейіндік полиция сыныбының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Іс-шараға Алматы қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары Әділғожа Құсайынов, ішкі істер органдарының ардагерлері, білім саласының өкілдері, оқушылар мен ата-аналар қатысты. Қонақтар жас буынға құқықтық тәрбие беру мен азаматтық жауапкершілікті қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.
Жаңа полиция сыныбының басты мақсаты – оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заңға құрмет сезімін қалыптастыру және құқық қорғау органдарындағы қызметтің маңызын түсіндіру. Бағдарлама аясында оқушылар құқық негіздерін меңгеріп, саптық даярлық сабақтарына қатысады, сондай-ақ патриоттық және профилактикалық іс-шараларға белсенді араласатын болады.
Сыныпқа есімі берілген Бауыржан Нұрмаханбетов патрульдік полицияның мамандандырылған батальонында қызмет атқарған. Ол 2016 жылы қауіпті қылмыскерді ұстау кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін қайтыс болғаннан кейін II дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар жастар арасында патриотизмді нығайтып қана қоймай, құқық қорғау органдарына деген құрметті арттыруға және заңға бағынатын, жауапты азаматтарды тәрбиелеуге ықпал етеді. Сонымен қатар «Жас сақшы» қозғалысын дамыту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.

