Тестілеу қорытындысы бойынша 177 мыңға жуық талапкер шекті балл жинады, бұл қатысушылардың жалпы санының 76%-ын құрайды. Бес пән бойынша ҰБТ-ның орташа балы 69 балды құрады. Ең жоғары 140 балды Павлодар облысының түлегі Әсет Альтаир және Қызылорда облысының түлегі Балхан Альфия (ҚАЗТЕСТ конвертациясы арқылы) жинады. 821 адам 130 балдан жоғары нәтижеге қол жеткізді.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында ҰБТ-ға 800 талапкер қатысқанын айта кеткен жөн.
Электронды форматта өтетін ҰБТ-да апелляцияға беру оңай, әрі ыңғайлы. Тестілеу қорытындыларымен келіспеген жағдайда талапкер бірден апелляцияға электрондық форматта өтініш береді. Биыл апелляцияға 95 мыңнан астам өтініш қабылданып, олардың ішінде 152 бірегей тест тапсырмасына қатысты өтініштер қанағаттандырылды. Республикалық комиссия жұмысын аяқтады, талапкерлердің сертификаттары жеке кабинетте қолжетімді.
ҰБТ өткізу барысында 890 ереже бұзушылық анықталды. Оның ішінде 522 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 361 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Кейбір тестіленушілерден смарт-сағаттар, микроқұлаққаптар, смартфондар және басқа да тыйым салынған заттар табылды. Бейнежазбаларды тексеруден соң ереже бұзған 7 адамның нәтижесі жойылды. Бөгде тұлғалар анықталған жоқ.
2026 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда ҰБТ нәтижелері жойылады.


