Түркістан қаласында өндіріс көлемін ұлғайтуға, инвестициялық белсенділікті арттыруға және кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Қаладағы индустриялық аймақтың әлеуетін тиімді пайдалану арқылы жаңа өндіріс орындары іске қосылып, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге, тұрақты жұмыс орындарын көбейтуге және өңір экономикасын әртараптандыруға басымдық берілуде.
Осы бағыттағы жұмыстардың барысымен танысу мақсатында Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы индустриялық аймақта орналасқан өндірістік нысандарды аралап, жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың орындалу деңгейін бағалады. Жұмыс сапары барысында өндірістік инфрақұрылымның жай-күйі, құрылыс жұмыстарының сапасы және жобаларды белгіленген мерзімде аяқтау мәселелері жан-жақты қарастырылды.
Бүгінде жалпы аумағы 63,8 гектарды құрайтын Түркістан индустриялық аймағында 30 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде 21 жоба толық іске қосылып, өндірістік қызметін бастаса, тағы 9 жоба құрылыс және іске асыру кезеңінде. Бұл көрсеткіш өңірде инвестициялық ахуалдың тұрақты қалыптасқанын және өндірістік сектордың қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді.
Индустриялық аймақта жүзеге асырылып жатқан жобалардың жалпы құны 19,641 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде бүгінгі күнге дейін 9,725 млрд теңге көлеміндегі инвестиция игерілген. Ал қалған 9,916 млрд теңгені игеру жұмыстары жоспарға сәйкес жалғасуда. Мұндай ауқымды қаржыландыру жаңа кәсіпорындардың ашылуына, өндірістік қуаттардың артуына және өңір экономикасының тұрақты дамуына негіз қалыптастырып отыр.
Қала әкімі жұмыс сапары барысында индустриялық аймақта салынып жатқан Өндірістік парк кешенінің құрылыс алаңында болды. Нысанды аралау кезінде сыртқы инфрақұрылымды талапқа сай қалыптастыру, аумақты абаттандыру және асфальт төсеу жұмыстарын жоғары сапада аяқтау қажеттігіне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар құрылыс барысында анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жою және мердігер ұйымның жауапкершілігін заң талаптарына сәйкес қарастыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Индустриялық аймақта жүзеге асырылып жатқан маңызды жобалардың бірі – «НҰРҚАҒАЗ-Х» ЖШС-нің қағаз өнімдерін шығаратын өндіріс орны. Бұл жоба өңірдегі өңдеу өнеркәсібін дамытуға және ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге бағытталған.
Кәсіпорынның инвестициялық құны 3 млрд теңгені құрайды. Өндіріс орны 5 гектар аумақта орналасқан. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр, ал кәсіпорынды 2026 жылы пайдалануға беру жоспарланған. Жоба толық іске қосылғаннан кейін 40 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға қосымша мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда индустриялық аймақта жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарда 901 адам тұрақты еңбек етеді. Ал құрылыс және іске асыру кезеңіндегі барлық жобалар толық пайдалануға берілгеннен кейін тағы 306 жаңа жұмыс орны құрылып, тұрақты жұмыспен қамтылғандар саны 1 207 адамға жетеді. Бұл көрсеткіштер кәсіпкерлікті қолдау мен инвестиция тарту саясатының нақты нәтижесін айқын көрсетеді.
Индустриялық аймақтың дамуы тек өндіріс көлемінің ұлғаюына ғана емес, сонымен бірге шағын және орта бизнестің дамуына да жаңа мүмкіндіктер қалыптастырады. Жаңа кәсіпорындардың ашылуы логистика, қызмет көрсету, құрылыс, жеткізу және қосалқы өндіріс салаларының дамуына серпін беріп, өңірдегі экономикалық белсенділікті арттырады.
Қала әкімі өндірістік жобалардың уақытылы әрі сапалы жүзеге асырылуы Түркістанның инвестициялық тартымдылығын күшейтуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Осыған байланысты жауапты сала басшыларына және мердігер ұйымдарға барлық құрылыс жұмыстарын белгіленген талаптарға сәйкес жүргізіп, әрбір жобаны жоспарланған мерзімде пайдалануға беру міндеті жүктелді.
Түркістан индустриялық аймағында іске асырылып жатқан инвестициялық жобалар өндіріс саласының қарқынды дамуына, отандық кәсіпкерліктің нығаюына, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға нақты үлес қосып келеді. Мұндай бастамалар өңір экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз етіп қана қоймай, Түркістанды өндіріс пен инвестиция үшін тартымды орталықтардың біріне айналдыруға мүмкіндік береді.


