Түркістан қаласында жергілікті өндірушілерді қолдауға бағытталған әлеуметтік азық-түлік жәрмеңкесі өтті

Түркістан қаласында жергілікті өндірушілерді қолдауға бағытталған әлеуметтік азық-түлік жәрмеңкесі өтті

Түркістан қаласында отандық кәсіпкерлікті қолдау, ішкі нарықты дамыту және тұрғындарды қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасуда. Осы мақсатта «Отырар» секторында кезекті әлеуметтік азық-түлік жәрмеңкесі ұйымдастырылып, жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне өз өнімдерін тұрғындарға тікелей ұсынуға мүмкіндік жасалды.

Жәрмеңкеге Сайрам, Созақ, Келес аудандары мен Кентау қаласының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері қатысып, өздері өндірген өнімдерін саудаға шығарды. Сонымен қатар, «Түркістан» ӘКК АҚ-ның тұрақтандыру қоры арқылы жалпы көлемі 50 тоннаға жуық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері ұсынылды.

Іс-шараның басты мақсаты – жергілікті өндірушілерді қолдау, олардың өнімдерін өткізу нарығын кеңейту және тұтынушыларды сапалы азық-түлікпен тиімді бағамен қамтамасыз ету. Осындай жәрмеңкелер өңірдегі шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына серпін беріп, отандық өнімнің ішкі нарықтағы үлесін арттыруға ықпал етеді.

Сауда қатарларында ет және сүт өнімдері, жұмыртқа, жаңа піскен көкөністер мен жеміс-жидектер, сондай-ақ күнделікті тұтынуға қажетті басқа да азық-түлік тауарлары ұсынылды. Барлық өнімдер өндірушілерден тікелей жеткізілгендіктен, олардың бағасы нарықтағы бағамен салыстырғанда 20–30 пайызға төмен болды.

Делдалсыз ұйымдастырылған сауда жергілікті кәсіпкерлер үшін өнімдерін тікелей сатып, табысын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар тұтынушылар сапалы әрі балғын өнімді қолжетімді бағамен сатып алып, отандық өндірушілердің тауарын таңдауға мүмкіндік алды. Мұндай тәсіл өндіруші мен тұтынушы арасындағы байланысты нығайтып, ішкі нарықтың тұрақты дамуына оң әсер етеді.

Әлеуметтік жәрмеңкелер ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің өткізу нарығын кеңейтіп қана қоймай, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға да ықпал етеді. Бұл өз кезегінде жергілікті кәсіпкерліктің дамуына, өндіріс көлемінің ұлғаюына және өңір экономикасының нығаюына негіз болады.

Сонымен қатар мұндай іс-шаралар азық-түлік бағасын тұрақтандырудың тиімді тетіктерінің бірі саналады. «Түркістан» ӘКК АҚ тұрақтандыру қорының қатысуы әлеуметтік маңызы бар өнімдердің қолжетімділігін сақтауға мүмкіндік беріп, нарықтағы баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге үлес қосады.

Түркістан қаласында өткізілетін әлеуметтік азық-түлік жәрмеңкелері тұрғындарды сапалы өніммен қамтамасыз етумен қатар, отандық кәсіпкерлерге жаңа өткізу мүмкіндіктерін ұсынып келеді. Бұл бастама жергілікті өндірісті қолдауға, ішкі нарықты дамытуға және қазақстандық өнімнің үлесін арттыруға бағытталған маңызды шаралардың бірі болып табылады.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ