Түркістан қаласында құрылыс саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру және жаңа заңнамалық талаптарды тиімді енгізу мақсатында Қазақстан Республикасының жаңа Құрылыс кодексін түсіндіруге арналған семинар-кеңес өтті. Іс-шараны Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырып, құрылыс компанияларының өкілдерін, мемлекеттік органдардың мамандарын және салалық сарапшыларды бір алаңға жинады.
Семинардың негізгі мақсаты – құрылыс саласындағы кәсіпкерлерді 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Құрылыс кодексінің талаптарымен таныстыру, заңнамадағы өзгерістерді түсіндіру және бизнестің жаңа талаптарға бейімделуіне қолдау көрсету болды. Мұндай кездесулер кәсіпкерлердің өз қызметін қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүргізуіне және құрылыс саласының тұрақты дамуына мүмкіндік береді.
Іс-шараға Түркістан облысының сәулет және қала құрылысы басқармасы мен құрылыс басқармасының өкілдері, құрылыс компанияларының басшылары, техникалық қадағалау мамандары, жобалаушылар, салалық сарапшылар, сондай-ақ құрылыс саласында кәсіби қызмет көрсететін «Engineering Services» ЖШС мамандары қатысты.
Семинарды Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев ашып, құрылыс саласы өңір экономикасының негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Құрылыс кодексі жобалау, құрылыс жүргізу, техникалық және авторлық қадағалау, нысандарды пайдалануға қабылдау тәртібіне бірқатар маңызды өзгерістер енгізіп отыр. Сондықтан кәсіпкерлердің заңнаманы дұрыс түсініп, оны тәжірибеде тиімді қолдануы сапалы әрі қауіпсіз құрылыс жүргізудің негізгі кепілі саналады.
Асылан Ибадуллаев Палатаның басты міндеттерінің бірі – кәсіпкерлерге заңнамадағы өзгерістерді жан-жақты түсіндіріп, мемлекеттік органдар мен бизнес арасындағы тиімді байланысты нығайту екенін жеткізді. Бұл құрылыс саласындағы әкімшілік рәсімдердің ашықтығын арттырып, кәсіпкерлердің құқықтық тәуекелдерін азайтуға ықпал етеді.
Өз кезегінде Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының Салалық даму және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бөлімінің басшысы Гүлназ Есетова семинардың басты мақсаты кәсіпкерлердің жаңа заң талаптарына қатысты сұрақтарына нақты жауап беру екенін атап өтті. Оның айтуынша, осындай ашық форматтағы кездесулер құрылыс саласы өкілдерінің өзекті мәселелерін талқылауға және жаңа талаптарды тәжірибеде дұрыс қолдануға мүмкіндік береді.
Семинар барысында «Engineering Services» ЖШС заңгері Диана Есмағамбетова жаңа Құрылыс кодексінің негізгі жаңалықтарын жан-жақты таныстырды. Атап айтқанда, қала құрылысын жоспарлаудың жаңа тәсілдері, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын күшейту, мамандарды сертификаттау жүйесін жетілдіру, техникалық нормаларды жүйелеу және құрылыс саласын цифрландыру бағыттары кеңінен түсіндірілді.
Сарапшылардың айтуынша, жаңа кодекс мемлекеттік қызметтердің басым бөлігін бірыңғай цифрлық платформа арқылы көрсетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар BIM технологияларын кезең-кезеңімен енгізу, жобалық-сметалық құжаттаманы цифрлық форматқа көшіру және құрылыс процестерінің ашықтығын арттыру көзделген. Бұл өзгерістер құрылыс саласындағы кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдетіп, қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған.
Практикалық бөлімде «Engineering Services» ЖШС-нің жалпы құрылыс жұмыстары жөніндегі жетекшісі Избасар Бейсеков құрылыс сапасын бақылау, құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасын қамтамасыз ету және техникалық қадағалаудың рөлі туралы баяндама жасады. Ал инженерлік жүйелер жөніндегі жетекші Марат Шерембетов жылыту, желдету, ауа баптау, сумен жабдықтау, кәріз жүйелері, электрмен жабдықтау және әлсіз ток жүйелеріне қойылатын сапа мен қауіпсіздік талаптарына тоқталды.
Семинар соңында қатысушылар жаңа Құрылыс кодексін тәжірибеде қолдануға қатысты өз сұрақтарын қойып, мемлекеттік органдар мен сала сарапшыларынан жан-жақты түсіндірмелер алды. Мұндай кездесулер құрылыс саласындағы кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, жаңа заңнаманың тиімді іске асуына, мемлекеттік органдар мен бизнес арасындағы өзара іс-қимылдың нығаюына және Түркістан қаласында құрылыс саласының тұрақты дамуына ықпал етуде.


