Түркістан қаласында әйелдер кәсіпкерлігін қолдау, кәсіпкерлік ортадағы өзекті мәселелерді талқылау және мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру мақсатында «Әйелдер кәсіпкерлігі. Білім беру – бірлескен шешімдер» тақырыбында өңірлік кездесу өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту комитетінің бастамасымен ұйымдастырылып, мемлекеттік органдардың өкілдерін, кәсіпкерлерді, білім беру саласының мамандарын және өңірдің іскер әйелдерін бір алаңға біріктірді.
Кездесудің негізгі мақсаты – әйелдер кәсіпкерлігін қолдаудың мемлекеттік және институционалдық тетіктерін түсіндіру, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі Жол картасының жобасын талқылау, өңірдегі әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша ұсыныстар әзірлеу және мемлекеттік органдар мен бизнес қауымдастығы арасындағы өзара ынтымақтастықты күшейту болды.
Форумды Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев ашып, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту өңір экономикасының тұрақты өсуіне ықпал ететін маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай кездесулер кәсіпкерлердің ұсыныстары мен бастамаларын тікелей талқылауға, мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіруге және бизнесті дамытуға кедергі келтіретін мәселелерді бірлесіп шешуге мүмкіндік береді.
– «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту – бұл тек бизнесті қолдау емес, өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға салынған инвестиция. Бүгінгі кездесудің басты құндылығы – кәсіпкерлердің ұсыныстары мен пікірлері тікелей тыңдалып, нақты шешімдер қабылдауға негіз болып отыр. Ал мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялау білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеріп, адал бәсекелестік ортаны қалыптастыруға мүмкіндік береді. Біз кәсіпкерлерді бұл өзгерістерге бейімдеу бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жалғастырамыз», – деді Асылан Ибадуллаев.
Кездесу барысында «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту комитетінің төрайымы, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның өкілі Ләйлә Күленова әйелдер кәсіпкерлігін қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен білім беру саласындағы әріптестіктің маңызына тоқталды.
Сонымен қатар Қазақстанның үздіксіз білім беру қауымдастығының атқарушы директоры Наталья Мишукова қауымдастық қызметінің негізгі бағыттарын таныстырды. Ал Түркістан облысы Білім басқармасы мен Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің өкілдері мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялау тәртібі мен заңнамадағы өзгерістер туралы түсіндірме берді.
Жиынның негізгі тақырыптарының бірі 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін мектепке дейінгі ұйымдарды міндетті лицензиялау мәселесі болды. Бұл жаңашылдық білім беру қызметінің сапасын арттырумен қатар, мектепке дейінгі білім беру саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін бірыңғай талаптар қалыптастыруға бағытталған.
Бүгінде Түркістан облысында 1441 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның 303-і мемлекеттік, ал 1138-і жекеменшік балабақша. Жалпы бұл ұйымдарда 153 мыңнан астам бала тәрбиеленіп, 13 мыңнан астам педагог еңбек етеді. Өңірдегі мектепке дейінгі ұйымдардың 78 пайызының жекеменшік секторға тиесілі болуы әйелдер кәсіпкерлігінің білім беру саласындағы үлесінің жоғары екенін көрсетеді.
Кездесу барысында лицензиялау қарсаңындағы негізгі мәселелердің бірі – кадрлық әлеует екені айтылды. Қазіргі таңда мектепке дейінгі ұйымдардағы педагогтердің 28,6 пайызының ғана біліктілік санаты бар, ал 71,4 пайызы санатсыз жұмыс істейді. Осыған байланысты облыста түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, лицензиялаудан өтудің кезеңдік алгоритмі бекітілген. Сонымен қатар педагогтердің біліктілік санатын арттыру және уақытылы аттестаттаудан өткізу бағытындағы жұмыстар күшейтілуде.
Форумда ваучерлік қаржыландыру жүйесін енгізу мәселесі де қаралды. Қазіргі таңда бұл жүйе Түркістан қаласында, сондай-ақ Сарыағаш, Мақтаарал, Жетісай, Сайрам және Қазығұрт аудандарында іске қосылған. Алдағы уақытта тағы 11 аудан кезең-кезеңімен осы жүйеге көшеді.
Кездесу қорытындысында әйелдер кәсіпкерлігін қолдау, мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін арттыру және білім беру саласындағы кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау бағытындағы ұсыныстар талқыланды. Мұндай диалог алаңдары мемлекеттік органдар мен бизнес арасындағы байланысты нығайтып, Түркістан қаласы мен өңірде әйелдер кәсіпкерлігінің дамуына, жаңа бастамалардың жүзеге асуына және экономиканың тұрақты өсуіне тың серпін беруде.


