Келес ауданында түркі әлемінің ұлы ойшылы, рухани көшбасшы Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасын кеңінен насихаттау мақсатында «Ясауи керуені» аймақтық ғылыми-танымдық семинары өтті.
Түркістан облысы әкімінің бастамасымен ұйымдастырылып жатқан тағылымды жоба аясындағы басқосуға Түркістан облысының дін істері басқармасының басшысы Рүстем Сабыржанұлы қатысып, сөз сөйледі.
Семинар жұмысын «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы директорының орынбасары Мұрат Тастанбеков жүргізді.
Жиында Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, теология ғылымдарының докторы Досай Кенжетай, теология ғылымдарының докторы (PhD), қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы, «Ясауитану» ғылыми-зерттеу институтының директоры Бауыржан Сайфунов, Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ доценті, дінтанушы Сержан Оразбай және университеттің «Теология» факультетінің доценті, PhD докторы Мұхит Төлеген баяндама жасап, Қожа Ахмет Ясауидің рухани-философиялық мұрасы мен оның ұлттық құндылықтармен сабақтастығына тоқталды.
Атап айтқанда, Бауыржан Сайфунов «Қожа Ахмет Ясауидің тарихи тұлғасы және ұлттық идентификация», Сержан Оразбай «Ясауи хикметтеріндегі рухани құндылықтар», ал Мұхит Төлеген «Қожа Ахмет Ясауи ілімі және қазақ салт-дәстүрлері» тақырыптарында мазмұнды баяндама жасады.
Семинар барысында Ясауи мұрасын ғылыми тұрғыдан зерделеу, оның рухани-адамгершілік құндылықтарын өскелең ұрпаққа кеңінен таныту және ұлттық тәрбиемен сабақтастыра насихаттау бағытында пікір алмасу өтті.
«Ясауи керуені» семинары Қожа Ахмет Ясауи мұрасын дәріптеу, ұлттық руханиятты жаңғырту және қоғамның тарихи-рухани танымын арттыруға бағытталған мазмұнды ғылыми-танымдық алаң болды.


