Бесқарағай ауданының Қарабас ауылында «Abai Poultry Agro» жоғары технологиялық құс фабрикасының құрылысы басталды. Жоба Абай облысында құс шаруашылығын дамытуға, жергілікті өндірісті ұлғайтуға және жұмыртқаға деген ішкі сұранысты қамтамасыз етуге бағытталған.
Кәсіпорында әрқайсысы 120 мың тауыққа арналған бес құс қорасы салынады. Фабриканың жалпы қуаты 600 мың құсқа жетеді. Өндіріс толық іске қосылғанда жыл сайын 150 миллион дана тауық жұмыртқасы және 400 тонна құс етін шығару жоспарланған.
Жобаға 8,5 млрд теңге инвестиция салынады. Оның 5 млрд теңгесі мемлекеттік қолдау аясында қарастырылған. Құрылыс кезінде 100 адам жұмыспен қамтылып, кәсіпорын іске қосылғаннан кейін 150 тұрақты жұмыс орны ашылады. Инвестор фабриканы тоғыз ай ішінде пайдалануға беруді жоспарлап отыр.
Облыс әкімі Берік Уәли жобаның Мемлекет басшысының азық-түлік қауіпсіздігін нығайту және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді кеңейту жөніндегі тапсырмаларымен сабақтас екенін атап өтті.
Биыл Абай облысында 23,7 млрд теңгеге алты ірі агрожоба жүзеге асырылуда. Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға республикалық бюджеттен 47,3 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар «Игілік» пен «Береке» бағдарламалары бойынша 5,2 млрд теңгелік, «Жайлау» бағдарламасы аясында 5 млрд теңгелік инвестициялық пул қалыптастырылған.
2030 жылға дейін өңірде 90 ірі агрожобаны іске қосу көзделген. Бесқарағайдағы фабрика осы жұмыстың маңызды бөлігіне айналып, облыстың өз өнімін өндіру көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Қазір жұмыртқа басқа өңірлерден жеткізілетіндіктен, толық циклді өндіріс іске қосылған соң бұл тәуелділікті азайтуға мүмкіндік туады. Жоба ауылдық жерде жұмыспен қамтуды арттырып, өңдеу саласының дамуына да серпін береді.

