Шымкент қаласында кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау тетіктері тұрғындардың өз ісін бастауына және шағын бизнестің дамуына жаңа мүмкіндік беріп келеді. Соның ішінде қайтарымсыз мемлекеттік гранттар әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын жүзеге асыруға бағытталған тиімді құралдардың біріне айналды. Мұндай қолдау жаңа өндірістер мен қызмет көрсету нысандарының ашылуына, халықтың табысын арттыруға және өңірдегі кәсіпкерлік белсенділіктің күшеюіне ықпал етуде.
2026 жылдың алғашқы легі бойынша business.enbek.kz порталы арқылы Шымкент қаласында бизнес-идеяларды іске асыру үшін 435 өтінім қабылданды. Үміткерлер өз жобаларын арнайы комиссия алдында қорғап, олардың экономикалық тиімділігі мен болашағы жан-жақты бағаланды. Комиссия мүшелері бизнес-жобалардың өміршеңдігіне, нарықтағы сұранысына, үміткердің тәжірибесіне және жаңа жұмыс орындарын құру мүмкіндігіне ерекше назар аударды.
Комиссия құрамына бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, кәсіпкерлер, жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамы және Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мамандары кірді. Мұндай құрам жобаларды жан-жақты бағалап, мемлекеттік қолдаудың тиімді әрі ашық жүзеге асырылуына мүмкіндік береді.
Іріктеу қорытындысы бойынша 105 тұрғынға қайтарымсыз мемлекеттік грант тағайындалды. Қазіргі уақытта грант иегерлері мен Еңбек мобильділігі орталығы арасында тиісті келісімшарттарды рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Биыл бір гранттың мөлшері 400 айлық есептік көрсеткішті, яғни 1 730 000 теңгені құрайды.
Грант иегерлерінің басым бөлігі әлеуметтік осал санаттағы азаматтар. Олардың қатарында көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар және асыраушысынан айырылған тұрғындар бар. Бұл мемлекеттік қолдаудың әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға ғана емес, халықтың жұмыспен қамтылуын арттыруға да бағытталғанын көрсетеді.
Қолдау тапқан бизнес-жобалардың бағыттары әртүрлі. Ең көп жоба қызмет көрсету саласына тиесілі. Сонымен қатар өндіріс, кондитерлік және нан өнімдерін шығару, тігін өндірісі, жартылай фабрикат өндіру, мал және құс шаруашылығы, жиһаз жасау сияқты нақты секторларға басымдық берілген. Бұл Шымкентте шағын кәсіпкерліктің бір ғана салада емес, экономиканың әртүрлі бағытында дамып келе жатқанын аңғартады.
Сарапшылардың пікірінше, мемлекеттік гранттар жаңа кәсіпкерлердің нарыққа шығуына мүмкіндік беріп қана қоймай, өңірдегі кәсіпкерлік мәдениеттің қалыптасуына да ықпал етеді. Жаңа бизнес жобалардың іске асуы жергілікті өндірістің кеңеюіне, қызмет көрсету сапасының артуына және қосымша жұмыс орындарының құрылуына негіз болады.
Шымкент қаласында кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы мұндай бағдарламалар экономиканың тұрақты дамуына маңызды үлес қосып келеді. Мемлекеттік гранттардың тиімді пайдаланылуы жаңа бастамалардың жүзеге асуына, шағын бизнестің нығаюына және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізуде.


