Тәуелсіз байқаушылардың ақпараттық алаңына еліміздің 20 өңірі бірікті

Тәуелсіз байқаушылардың ақпараттық алаңына еліміздің 20 өңірі бірікті

АЛМАТЫ. Тәуелсіз байқаушылардың Ақпараттық штабы 23 тамызда дауыс беру күні жұмыс істеуге дайындықты аяқтады. Дайындық кезеңінің негізгі нәтижесі – Қазақстанның барлық 20 өңірін қамтитын бірыңғай ақпараттық желінің қалыптасуы. Бұл туралы Алматы қаласындағы Қоғамдық коммуникациялар орталығында өткен Тәуелсіз байқаушылардың Ақпараттық штабының брифингінде мәлімделді.

23 тамызда Ақпараттық штаб сағат 07:00-ден 00:00-ге дейін жұмыс істейді. Негізгі алаң Алматы қаласындағы студия болады. Осы жерден күні бойы ақпараттық эфир ұйымдастырылады. Студияға еліміздің әр өңіріндегі әріптестер тікелей эфир арқылы қосылып отырады.

Өңірлік желінің өкілдері жергілікті жерлердегі тәуелсіз байқаушылармен өзара байланыс орнатып, өзекті ақпаратты қабылдайды және оны Ақпараттық штабқа жібереді.

«Дайындық кезеңі аяқталды. Бүгінде еліміздің барлық 20 өңірін қамтитын өзара іс-қимыл желісі қалыптасты. 23 тамызда сағат 07:00-ден 00:00-ге дейін Ақпараттық штаб үздіксіз ақпараттық режимде жұмыс істейді. Күні бойы орталық студияға өңірлердегі әріптестеріміз тікелей эфир арқылы қосылады. Біздің міндетіміз – елдегі жалпы жағдайды көру, жергілікті жерлерден ақпаратты жедел алу және дауыс беру күнінің қалай өтіп жатқанын көрсету», – деді Тәуелсіз байқаушылардың Ақпараттық штабының жетекшісі Рафаэль Гасанов.

Ақпараттық штабтың эфирлік кестесінде өңірлерден тұрақты тікелей қосылымдар, брифингтер, азаматтық қоғам өкілдері мен сарапшылардың пікірлері қарастырылған. Штаб журналистері Алматыдағы сайлау учаскелерінде де тікелей жұмыс істейді. Өңірлерден алғашқы тікелей қосылымдар сағат 07:00-ден басталады.

Штаб жұмысының негізгі бағыттарының бірі – келіп түсетін ақпараттың өзектілігі мен шынайылығын тексеру. Өңірлерден келіп түскен хабарламалар жергілікті жерлердегі әріптестермен өзара байланыс арқылы нақтыланады. Штабтың міндеті – расталған фактілерді тексерілмеген ақпараттан ажыратып, дауыс беру күні қалыптасып отырған нақты жағдай туралы қоғамды жедел хабардар ету.

«Біз үшін ақпаратты жедел алу ғана емес, оның өзекті әрі шынайы екеніне көз жеткізу маңызды. Ақпарат тексерілгеннен кейін ғана оны бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғам назарына ұсынамыз. Біздің міндетіміз – азаматтарға еліміз бойынша дауыс берудің қалай өтіп жатқаны туралы объективті әрі шынайы ақпарат беру», – деп атап өтті Рафаэль Гасанов.

 

Сонымен қатар Ақпараттық штаб барлық қазақстандықтарды әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жариялайтын және тарататын ақпаратқа жауапкершілікпен қарауға шақырды.

«Қазақстандықтарды әдейі жалған және тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырамыз. Кез келген хабарламаны, фото немесе бейнематериалды жарияламас бұрын немесе қайта жібермес бұрын оның шынайылығына көз жеткізу қажет. Бұл әсіресе дауыс беру күні өте маңызды, өйткені бұл кезеңде ақпарат көлемі айтарлықтай артады. Әрқайсымыз жариялап, таратып отырған ақпаратқа жауапкершілікпен қарауымыз керек», – деді штаб жетекшісі.

23 тамызда Ақпараттық штаб Алматыдағы орталық алаң, өңірлердің өкілдері, тәуелсіз байқаушылар мен бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы тұрақты байланысты қамтамасыз етеді.

Өңірлерден келіп түсетін ақпарат жедел қабылданып, нақтыланып және тексеріліп отырады. Бұл дауыс беру күні бойы БАҚ пен қоғамға еліміздегі дауыс беру барысы туралы өзекті әрі объективті ақпарат ұсынуға мүмкіндік береді.

Тәуелсіз байқаушылардың Ақпараттық штабы жұмысқа дайын. Еліміздің барлық өңірін қамтитын ақпараттық желі қалыптастырылды.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов сингапурлық Changi Airport Group (CAG) компаниясының бас атқарушы директоры Ям Кум Вэнгпен кездесу...