Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін аша түсу жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде Үкімет азаматтық және жүк авиациясын жаңғырту жөнінде жүйелі шаралар қабылдауда. Бүгінгі таңда Қазақстанның көлік инфрақұрылымын дамыту еліміздің халықаралық байланысын нығайтуға, Транскаспий халықаралық көлік бағытына интеграциялануға және Қазақстанның Еуразияның негізгі транзиттік тораптарының бірі ретіндегі рөлін кеңейтуге бағытталған. Сонымен қатар, авиациялық инфрақұрылым жаңғыртылуда, маршруттық желі кеңейтілуде және халық үшін авиатасымалдардың қолжетімділігі артуда, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.
ТХКБ-ның жүк авиахабы: жүктерді өңдеудің 102,5 мың тоннаға дейін өсуі және әлемдік тасымалдаушылардың жұмысы
2026 жылдың қаңтар-шілде айларында Қазақстан әуежайлары 102,5 мың тонна жүк өңдеді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10%-ға артық. Негізгі жүктеме Алматы халықаралық әуежайына тиесілі – 66,1 мың тонна немесе жалпы көлемнің 64%-дан астамы.
Алматы әуежайында 2025-2028 жылдарға арналған Horizon бағдарламасының бірінші кезеңі жүзге асырылуда, онда экспорттық аймақты 5 мың шаршы метрге кеңейту, Boeing 747-8 және Airbus A380 сияқты F класындағы ең ірі әрі ұзақ қашықтықтарға ұшатын жүк ұшақтары үшін 7 тұраққа аналған жүк перронын салу, сондай-ақ 500 гектар аумақта логистикалық кластер қалыптастыру қарастырылған.
Ақтөбеде отын-жанармай құю инфрақұрылымы дамытылып жатқан логистикалық кешен құрылуда, Қарағандыда жүк авиакомпанияларын қабылдау үшін инфрақұрылым кеңейтілуде, Ақтауда авиациялық, теңіз және теміржол маршруттарының интеграциясы ұйымдастырылуда.
Транзиттік әлеуетті дамыту бойынша Үкімет қабылдап жатқан шаралар қазірдің өзінде іс жүзінде нәтиже беруде. 2026 жылдың маусым айынан бастап әлемдегі ең ірі жүк тасымалдаушылардың бірі – Cargolux копаниясы Астана арқылы рейстерді қайта жандандыра бастады және аптасына 14 рейске дейін орындауды жоспарлап отыр. Әзірге әуе кемелері біздің әуежайларға тек жанармай құйып алу және техникалық қызметті пайдалану үшін ғана қонып, азды-кем аялдап жатқан уақытта, толыққанды коммерциялық жүк операцияларына көшу мәселесі де пысықталуда.
Сонымен қатар әуежайлардағы қажетті инфрақұрылымдар кеңейтілуде, олар: қосымша қойма қуаттары, фармацевтикалық және тез бұзылатын өнімдерге арналған температуралық сақтау аймақтары, электрондық коммерция нысандары. Бұл жұмыстар жүк операцияларының көлемін ұлғайтуға және жаңа халықаралық тасымалдаушыларды тартуға жол ашады.
Тамыз айында Cathay Pacific Cargo компаниясы Астанаға тұрақты жүк рейстерін іске қосты. Тасымалдаушы Boeing 747 Freighter әуе кемелерінде аптасына бес рейске дейін орындамақ, бұл Қазақстанның халықаралық жүк маршруттарына қосылуын одан әрі нығайта түседі.
Өткізу қуаты 6,5 есе өсті: 3 жаңа терминал іске қосылды, 3 әуежай салынуда және аймақтық айлақтар жаңартылуда
Соңғы үш жылда жеке инвестицияларды тарту есебінен Алматы, Қызылорда және Шымкент әуежайларында жаңа терминалдық кешендер пайдалануға берілді. Бұл жалпы өткізу қуатын 6,5 есеге арттыруға мүмкіндік берді, атап айтқанда жолаушылар саны жылына 3,5 млн-нан 23 млн-ға дейін көбейді.
Ішкі туризмді және шалғай өңірлермен байланысты дамыту шеңберінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі сынды курорттық аймақтарда үш жаңа әуежайдың құрылысы жүруде. Оларды пайдалануға беру 2026 жылдың соңына жоспарланған.
Сондай-ақ ұшу-қону жолақтары мен әуеайлақ кешендері жаңғыртылуда. Мәселен, елордалық әуежайдың магистральдық ҰҚЖ күрделі жөндеуден өтті. Балқашта терминал ғимараты, бұру-қозғау жолы мен перрон реконструкциядан өткізілді, оларға заманауи жарық-сигнал жабдығы орнатылды, сондай-ақ Астана мен Алматыға әуе рейстері ашылды.
Павлодар әуежайын қайта жаңарту барысында ұшу-қону жолағы 45 метрден 60 метрге дейін кеңейтілді. Бұл ұзақ қашықтықтарға ұшатын ауыр кемелер үшін ұшу салмағына қойылатын шектеулерді алып тастауға және ұшу қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік берді. Әуе айлағы Астана – Павлодар – Астана бағыты бойынша алғашқы рейсті қабылдап, жұмысын қайта бастады. Бұл бағытта 15 мың теңге тарифі бойынша аптасына төрт рет жиілікпен субсидияланатын рейс іске қосылды, ал 1 қыркүйектен бастап Алматыға күнделікті коммерциялық рейстер және аптасына жеті рет жиілікпен Новосибирскімен халықаралық әуе қатынасы қайта басталады.
2026 жылдың тамызында Арқалық әуежайын қалпына келтіру жұмыстары толығымен аяқталды, бұл қаламен тұрақты жолаушылар әуе қатынасын іске қосуға мүмкіндік берді. Астана – Арқалық – Астана бағыты бойынша алғашқы рейс 22 тамызда орындалды. Сонымен қатар, Шымкентте екінші ҰҚЖ-ның құрылысы жүруде, ол 2027 жылы аяқталады. Ал Үржарда жолаушылар терминалының реконструкциясы жалғасуда, ол 2027 жылдың ақпан айында аяқталады.
Жолаушылар ағынын 7,4 млн адамға дейін ұлғайту, 2030 жылға қарай әуе кемелерінің санын 160-қа жеткізу және транзиттік бағыттарды дамыту
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандық авиакомпаниялармен 15,4 млн жолаушы тасымалданды, бұл 2024 жылғы көрсеткіштерден 4,8%-ға артық, ал әуежайлардың жалпы жолаушылар ағыны 31,8 млн адамға жетті. Осы жылы да оң динамика сақталып отыр: 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында авиакомпаниялар өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,6% өсіммен 7,4 млн жолаушыны тасымалдады.
«Әуе еркіндігінің» бесінші дәрежесі тетігі Азия мен Еуропа арасындағы транзиттік және түйісу бағыттарын дамыту үшін қолданылады. Осындай жобалардың бірі – VietJet Air әуе компаниясының Ханой – Алматы – Прага бағыты бойынша ашуға дайындалып жатқан рейсі.
«Ашық аспан» режимі шеңберінде халықаралық авиатасымалдардың географиясы Қазақстанды әлемнің 30 елімен байланыстыратын 135 бағытқа дейін кеңейтілді. 2026 жылға жоспарланған 15 бағыттың ішінде Варшава, Шанхай, Гуанчжоу, Ларнака, Ұлан-Батыр, Измир қалаларына әуе бағыттары ашылды. Сондай-ақ Сиань, Үрімші, Бішкек, Новосібір, Санкт-Петербург, Түмен және Батуми қалаларына коммерциялық рейстер жүзеге асырылуда. Жыл соңына дейін Токио мен Қашқарға рейстер пысықталуда.
Қазақстанның тұрақты азаматтық авиация паркінде 111 әуе кемесі бар. 2026 жылдың соңына дейін тағы 6 әуе кемесі жеткізіледі (Air Astana үшін – 4, Vietjet Qazaqstan үшін – 2). 2030 жылдың соңына қарай Airbus A320/A321neo, Boeing 737 MAX және алыс қашықтыққа ұшатын Boeing 787 Dreamliner әуе кемелерін жеткізу есебінен коммерциялық әуе кемелерінің паркі 160-қа дейін ұлғаяды. (2027 жылы – 11, 2028 жылы – 10, 2029 жылы – 9, 2030 жылы – 13 әуе кемесі).
Азаматтық авиация саласының қарқынды дамуына байланысты, бүгінде онда шамамен 25 мың адам еңбек ететінін ескере отырып, мамандар даярлау жұмыстары кезең-кезеңімен кеңейтілуде. Азаматтық авиация академиясындағы мемлекеттік гранттар саны 2022–2023 оқу жылындағы 180-нен 2025–2026 оқу жылында 618-ге дейін, яғни үш еседен астамға артты. Ал студенттер контингенті төрт жыл ішінде 72%-дан астам өсті. Түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі 90%-ға жетеді. Сонымен қатар дуальды оқыту жүйесі де дамып келеді: бүгінде 220 студент 48 серіктес кәсіпорынның базасында білім алуда, ал білім беру бағдарламалары жұмыс берушілермен бірлесіп және халықаралық стандарттарды ескере отырып әзірленеді.
Ұшу қауіпсіздігі деңгейі – 95,7%, транзиттік тасымал көлемі төрт есеге артты
Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) бағалау нәтижесіне сәйкес, Қазақстанның авиациялық қауіпсіздік саласындағы стандарттарға сәйкестік деңгейі 95,7%-ды, ал ұшу қауіпсіздігі стандарттарын тиімді енгізу деңгейі 82%-ды құрады. Салыстырмалы түрде, Еуропа өңірі бойынша бұл көрсеткіштер орта есеппен тиісінше 88% және 74%-ды құрайды.
Саланың ұйымдастырушылық құрылымы күшейтілді: 2026 жылы Көлік оқиғалары мен инциденттерін тергеп-тексеру жөніндегі мамандандырылған орталық құрылып, оған авиациялық оқиғаларды тергеп-тексеру функциялары берілді. Жаңа тәсіл ИКАО стандарттары мен ұсынылатын практикасына сәйкес тәуелсіз әрі тиімді тергеп-тексеру жүйесін қалыптастыруды көздейді.
ИКАО-мен бірлесіп сарапшылар даярлау және зертханалық базаны дамыту жұмыстары жүргізілуде, сондай-ақ авиация саласын 2050 жылға дейін дамыту жөніндегі бас жоспарды әзірлеу аяқталуға жақын. Соңғы 3 жылда республика әуе кеңістігі арқылы орындалатын транзиттік ұшулар көлемі 4 есеге артты. Әуе қозғалысына қызмет көрсетудің жоғары стандарттарын қамтамасыз ету мақсатында «Қазаэронавигация» РМК радиотехникалық жабдықтар мен навигациялық жүйелерді технологиялық жаңғырту бойынша LEIDOS корпорациясымен бес жылдық келісімшартты жүзеге асыруда.
Авиациялық керосин өндірісін екі есеге арттырып, 1,8 млн тоннаға жеткізу және жанармай құюдың бәсекелестік шарттары
Авиациялық отынның бәсекеге қабілетті бағасы ұшу географиясын кеңейтудің және халықаралық әуе компанияларын тартудың маңызды экономикалық факторларының біріне айналды.
Жанармай құюдың тиімді шарттары мен жедел қызмет көрсету Қазақстан әуежайларының әуе тасымалдаушылары үшін тартымдылығын арттырып, жолаушылар және жүк тасымалы көлемінің өсуіне ықпал етуде. Бұл Қазақстанның Еуразиядағы әуе хабы ретіндегі позициясын нығайтады. Бүгінде Қазақстанда Turkish Airlines, MNG Airlines, Cargolux, China Southern Airlines, HongKong Air Cargo, Fly Meta, Saudi Arabian Airlines, Air Atlanta, Hungary Airlines, Silk Way West Airlines, Easy Charter, Camex Airlines, My Freighter, Fly Khiva, Aerotrans және басқа да әуе компаниялары жанармай құяды.
Мұндай бәсекелестік артықшылықтарға отын-энергетика және көлік секторларында жүйелі шаралар кешенін іске асырудың арқасында қол жеткізілді. Негізгі шаралардың бірі – делдалдық байланыстарды қысқарту және ашық баға белгілеуге көшу. Жыл басынан бері «ҚМГ-Аэро» операторы шетелдік әуе компанияларына, соның ішінде Turkish Airlines, Flydubai, Pegasus және Air Atlanta компанияларына 50 мың тоннадан астам авиациялық отын жеткізді. Бұл өңірдегі жанармай құюдың ең төменгі құнын сақтауға мүмкіндік берді.
Бүгінде ішкі нарықтың авиациялық отынға деген қажеттілігі жұмыс істеп тұрған мұнай өңдеу зауыттарының ресурстары есебінен толық қамтамасыз етіледі. 2026 жылы отандық зауыттар 825 мың тонна авиаотын өндіреді, бұл импорттық ресурсты тек транзиттік және халықаралық маршруттарға қызмет көрсетуге босатады.
Мұнай өңдеу саласын дамыту тұжырымдамасы аясында 2032 жылға қарай отандық авиациялық керосин өндірісі екі еседен астам артып, жылына 1,7–1,8 млн тоннаға жетеді. Сонымен қатар отандық зауыттар Jet A-1 стандартына сай авиациялық отын өндіруге технологиялық тұрғыдан дайын, ал әуежайларда жанармай құю кешені инфрақұрылымын Joint Inspection Group стандарттары бойынша сертификаттауға кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

