Түркістан облысының әкімі Құрылтай сайлауында дауыс берді

Түркістан облысының әкімі Құрылтай сайлауында дауыс берді

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров ел тарихындағы алғашқы Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысып, өз таңдауын жасады.

Өңір басшысы бұл күннің еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызына тоқталып, Құрылтай сайлауы мемлекет дамуының жаңа кезеңіндегі маңызды қадамдардың бірі екенін атап өтті.

«Бүгін еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиға – ел тарихындағы алғашқы Құрылтай сайлауы өтіп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз үндеуінде Құрылтай сайлауының ел өміріндегі айрықша маңызын атап өтті. Бұл – ұлттың келешегіне қатысты мәселелер талқыланып, қоғамның ортақ мақсат-мүддесі айқындалатын маңызды кезең», – деді Нұралхан Көшеров.

Облыс әкімінің айтуынша, соңғы жылдары елімізде ауқымды өзгерістер жүзеге асып, жаңа бастамаларға жол ашылды. Ендігі басты міндет – жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижесін нақты істер арқылы халыққа сезіндіру, азаматтардың әл-ауқатын арттыру және әр өңірдің тұрақты дамуына жағдай жасау.

«Бүгінгі Құрылтай сайлауы да осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі деп есептеймін», – деді өңір басшысы.

Нұралхан Көшеров Түркістан облысы тұрғындарының сайлаудағы белсенділігіне де ерекше тоқталды. Оның айтуынша, тарихы терең, елдік пен бірліктің алтын бесігі саналатын қасиетті Түркістанның жұртшылығы маңызды саяси науқанға белсенді қатысып, ел болашағына қатысты өз таңдауын жасауда.

«Түркі төрі – қасиетті Түркістан тарихы терең, елдік пен бірліктің алтын бесігі. Түркістан жұртшылығы да бұл сайлауда белсенділік танытып, ел дамуына өз үлестерін қосып жатыр. Біздің өңірдің әрбір азаматының белсенділігі мен азаматтық ұстанымы ел дамуына қосылған маңызды үлес болмақ», – деді облыс әкімі.

Сөз соңында Нұралхан Көшеров ел азаматтарын бірлік пен ынтымаққа үндеп, мемлекеттің болашағы әр азаматтың таңдауына байланысты екенін атап өтті.

«Еліміздің болашағы – біздің ортақ таңдауымызда! Береке-бірлігіміз артып, еліміздің болашағы жарқын болсын!» – деді Нұралхан Көшеров.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ