Абай облысында орманды қалпына келтіру үшін жылына 3 миллионнан астам көшет өсіріледі

Абай облысында орманды қалпына келтіру үшін жылына 3 миллионнан астам көшет өсіріледі

Абай облысында өртенген орман алқаптарын қалпына келтіруге қажетті көшет қорын көбейту жұмыстары жалғасуда. Бесқарағай ауданындағы «Семей орманы» резерватының Канонерка филиалында жыл сайын 3 миллион 180 мың түп қарағай көшеті өсіріледі.

2016 жылы іске қосылған кешен Орталық Азияда орман көшеттерін жабық тамыр жүйесімен өсіру технологиясын алғаш қолданған өндіріс орындарының бірі. Оның жалпы аумағы 20,4 гектар. Соның 17,1 гектары ашық тамыр жүйесімен көшет өсіретін тәлімбаққа, 3,3 гектары үш жылыжай мен өндірістік ғимараттарға бөлінген.

Швед технологиясының қолданылуы көшет дайындау мерзімін екі жылдан бір жылға дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Тұқымның өнгіштігі 95 пайызға жетсе, жабық тамыр жүйесінің арқасында отырғызылған қарағайлардың жерсіну көрсеткіші 90 пайызға дейін артады.

Жылыжайларда өсірілген көшеттер күзде «Семей орманы» резерватының өрттен зардап шеккен және орманды молықтыруды қажет ететін учаскелеріне отырғызылады. Биыл көктемде кешен аумағындағы қосымша 3,6 гектар жерге қарағай тұқымы себілді.

Өңірде өндірістік мүмкіндікті одан әрі кеңейту жоспарланған. Жаңасемей ауданының Озерки ауылдық округінде жылына 6 миллион түпке дейін қарағай өсіретін жаңа тұқымбақ салу көзделіп отыр.

Кешен жұмысымен танысқан Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев орман қорын ұлғайту мен өрттен кейінгі аумақтарды жүйелі қалпына келтірудің маңызын атап өтті. Заманауи технология мен көшет өндірісінің ұлғаюы Абай облысының орман экожүйесін қалпына келтіру қарқынын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы жұмыс табиғи қорды сақтаумен қатар, болашақ өрттердің экологиялық салдарын азайту үшін тұрақты көшет қорын қалыптастыруға негіз болады.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай жобаларды жүзеге асыру үшін соған сай қаржылық құрылым қажет екенін еске салды. Президент форум қатысушыларына бірнеше...

– Еліміз үшін бұл – сыртқы саясаттағы ең маңызды мақсаттардың бірі. Ортақ тарихымызға үңілсек, Қытай халқы біздің халқымызға ешқашан ешқандай зиян...