Абай облысында Спорт күніне орай сала қызметкерлері, жаттықтырушылар мен спорт мекемелерінің өкілдеріне құрмет көрсетілді. Кәсіби мереке өңір спортының нәтижелерін қорытындылап, осы бағытта еңбек етіп жүрген мамандардың үлесін бағалауға мүмкіндік берді.
Облыс әкімі Берік Уәли Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру және заманауи инфрақұрылым құру жөніндегі міндеттерінің маңызын атап өтті.
Салтанатты шарада бірқатар маман мемлекеттік және ведомстволық марапаттарға ие болды. Спорт саласында 25 жыл еңбек еткен үстел теннисі жаттықтырушысы Бауыржан Шайхин «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Ақылтай Жарылғановқа «Еңбек ардагері» төсбелгісі табысталды. Думан Исабаев пен Болат Ақжігітов «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісіне ие болды.
Биыл қаңтар-шілде аралығында Абай облысының спортшылары 1038 медаль жеңіп алды. Оның 511-і республикалық жарыстарда, 382-сі Қазақстан чемпионаттарында, 145-і халықаралық додаларда иеленген.
Вадим Чебардаков пен Анастасия Беловодова жастар арасындағы әлем чемпионатында жеңіске жетіп, өңір тарихындағы олимпиадалық спорт түрлері бойынша маңызды нәтижеге қол жеткізді. Ульяна Пухова мен Саида Қасымжанова Азия чемпионатында командалық қола жүлде иеленді.
Қазір облыста 21 спорт нысаны салынып жатыр. Жаңа кешендер Семеймен қатар Аягөз және Үржар аудандарында да бой көтермек. Инфрақұрылымның кеңеюі кәсіби спортпен бірге тұрғындардың дене шынықтырумен тұрақты айналысуына мүмкіндік беріп, жаңа спорттық жетістіктерге негіз қалыптастырады.


