Абай облысында автожанармай құю станцияларын жаңғыртып, жол бойындағы заманауи сервистік инфрақұрылымды кеңейту жоспарланып отыр. 2026–2027 жылдары Семейде жаңа форматтағы 12 жанармай құю станциясын ашу көзделген.
Жобаларды «GAS&МҰНАЙ» кәсіпорны бірқатар ірі компаниялармен бірлесіп жүзеге асыруда. 2020 жылы құрылған мекеме жанар-жағармай материалдарын көтерме және бөлшек саудада өткізеді. Компанияда 236 адам еңбек етеді, салынған инвестиция көлемі 1,75 млрд теңгені құрайды.
Қазір кәсіпорынның Семейде төрт, Аягөз қаласы мен Қарауыл ауылында бір-бірден жанармай құю станциясы бар. Бұған қоса Семейде Sinooil компаниясымен бірлескен бір станция жұмыс істейді. Алдағы уақытта тағы екі нысанды іске қосу жоспарланған.
Жобаның географиясы облыс орталығымен шектелмейді. Абай облысының жеті ауданында жол бойындағы заманауи сервистік нысандар, соның ішінде автожанармай құю станциялары салынбақ. Осы мақсатта 10 жер учаскесі бөлініп, бастама өңірлік инвестициялық пулға енгізілді.
Облыс әкімі Берік Уәли жаңа нысандарды белгіленген мерзімде сапалы іске қосудың маңызын атап өтті. Сонымен бірге жанармай бағасының республика бойынша белгіленген талаптарға сәйкес болуы, қызмет көрсету сапасы, станциялар аумағын абаттандыру мен тазалықты сақтау мәселелеріне назар аударылды.
Жол бойындағы сервистің кеңеюі жүргізушілер мен жолаушыларға қажетті қызметтердің қолжетімділігін арттырады. Әсіресе ауданаралық бағыттарда заманауи станциялардың пайда болуы көлік инфрақұрылымының сапасын жақсартып, жаңа инвестициялар мен жұмыс орындарын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл бастама облыстың жол желісі бойындағы қызмет көрсету деңгейін біртіндеп заманауи талаптарға бейімдеуге бағытталған.


