Жаңғыртылған вокзалдар Абай облысындағы жолаушыларға жаңа мүмкіндік береді

Жаңғыртылған вокзалдар Абай облысындағы жолаушыларға жаңа мүмкіндік береді

Абай облысында теміржол вокзалдарын жаңарту жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға бағытталған маңызды инфрақұрылымдық жобалардың біріне айналды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылатын республикалық бағдарламаға өңірдегі 10 вокзал енгізілген.

Бородулиха ауданындағы Ауыл және Белағаш станцияларының вокзалдары маусымда күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Ғимараттар кеңейтіліп, перрондар жаңартылды және іргелес аумақтар абаттандырылды.

Қазір тағы сегіз нысанда жұмыс жалғасуда. Үшбиік, Дегелең, Жалаңашкөл, Шар және Жарма вокзалдарын тамыздың соңына дейін, Ақтоғай, Аягөз және Семей вокзалдарын қыркүйек соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Жобада жолаушылар ағыны жоғары нысандардың мүмкіндігін кеңейтуге ерекше көңіл бөлінген. Аягөзде ескі ғимараттың орнына ауданы 1367,65 шаршы метр жаңа вокзал салынуда.

Семейдегі халықаралық теміржол вокзалының аумағы қазіргі 3037,9 шаршы метрден 4905,05 шаршы метрге дейін ұлғаяды. Соның нәтижесінде нысанның тәуліктік өткізу қабілеті 1619 жолаушыдан 3156 жолаушыға дейін артады.

Облыс әкімі Берік Уәли жобалардың Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көлік инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыруға бағытталғанын атап өтті.

Вокзалдардың жаңаруы тек ғимараттарды жөндеумен шектелмейді. Негізгі нәтиже жолаушылар үшін қауіпсіз, қолжетімді және жайлы жағдай қалыптастыру болмақ. Өткізу мүмкіндігінің артуы теміржол қызметінің сапасын жақсартып, облыстың елді мекендері арасындағы көлік байланысын нығайтуға мүмкіндік береді. Жобалардың белгіленген мерзімде аяқталуы өңірдегі жолаушылар инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеріп, тұрғындардың күнделікті сапарларын анағұрлым қолайлы етуге негіз болады.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай жобаларды жүзеге асыру үшін соған сай қаржылық құрылым қажет екенін еске салды. Президент форум қатысушыларына бірнеше...

– Еліміз үшін бұл – сыртқы саясаттағы ең маңызды мақсаттардың бірі. Ортақ тарихымызға үңілсек, Қытай халқы біздің халқымызға ешқашан ешқандай зиян...