Ұшақтар кентіндегі жаңа кешен спортты тұрғындарға жақындата түсті

Ұшақтар кентіндегі жаңа кешен спортты тұрғындарға жақындата түсті

Семейдің Ұшақтар кентінде тұрғындардың спортпен тұрақты айналысуына арналған жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Нысан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Абайға құрмет» акциясы аясында Батыс Қазақстан облысымен бірлесіп салынды.

Жаңа кешен – акция шеңберінде пайдалануға берілген екінші нысан. Бұған дейін 10 тамызда, Абай күнінде Солтүстік Қазақстан облысының тартуы – Рәміздер алаңы ашылған болатын.

Спорт кешенінің жалпы ауданы 1773 шаршы метр. Ол әрқайсысы екі қабаттан тұратын екі корпустан құралған және бір мезгілде 115 адамды қабылдай алады.

Бірінші корпуста ойын спорт түрлеріне арналған залдар орналасқан. Екінші корпуста күрес түрлеріне бейімделген жаттығу кеңістігі, үстел теннисі және жаттығу залдары қарастырылған. Ғимараттан тыс жерде баскетбол және жаттығу алаңдары жабдықталған.

Облыс әкімі Берік Уәли кешеннің бір жылға жетпейтін уақытта салынғанын атап өтті. Бұған дейін Ұшақтар кентінде осындай ауқымды спорт нысаны болмаған.

Жаңа инфрақұрылым балалар мен жастарға ғана емес, ересек тұрғындарға да жыл бойы дене шынықтырумен айналысуға мүмкіндік береді. Бұл спорт секцияларының қолжетімділігін арттырып, бос уақытты тиімді ұйымдастыруға жағдай жасайды.

«Абайға құрмет» аясында Семейде өзге өңірлердің қолдауымен Жекпе-жек сарайы, үстел теннисі орталығы, стадион және басқа нысандар да салынып жатыр. Ұшақтардағы кешен осы ауқымды бастаманың нақты нәтижесіне айналып, қаланың дамып келе жатқан бөлігінде заманауи спорт ортасын қалыптастырды.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай жобаларды жүзеге асыру үшін соған сай қаржылық құрылым қажет екенін еске салды. Президент форум қатысушыларына бірнеше...

– Еліміз үшін бұл – сыртқы саясаттағы ең маңызды мақсаттардың бірі. Ортақ тарихымызға үңілсек, Қытай халқы біздің халқымызға ешқашан ешқандай зиян...