Президент Жолдауын жүзеге асыру: құны $78,6 млрд болатын 215 жоба Қазақстанның жаңа инвестициялық циклін қалыптастыруда

Президент Жолдауын жүзеге асыру: құны $78,6 млрд болатын 215 жоба Қазақстанның жаңа инвестициялық циклін қалыптастыруда

Қазақстанда тартылатын капитал көлемін ұлғайтуға ғана емес, оның құрылымын өзгертуге де бағдарланған жаңа инвестициялық цикл қалыптасуда. Басымдық өңдеу өнеркәсібіне, терең өңдеуге, жоғары технологиялық өндірістерге және қосылған құны жоғары өнім өндірісін локализациялауға ауысады, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.

Бұл тәсілдер Мемлекет басшысының 2025 жылғы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында айқындалды. Үкіметке өндірістік секторға сапалы инвестициялар тартуды күшейту, экономиканың қажеттіліктеріне қарай «инвестицияларға тапсырысты» қалыптастыру және инвесторларды сүйемелдеудің неғұрлым тиімді жүйесін жолға қою тапсырылды.

Осы міндеттерді дамытуда ірі жобаларды сүйемелдеу және инвесторлардың құқықтарын қорғау тетіктері жетілдірілуде, инвестициялар туралы келісімдерді қолдану кеңейтілуде. Бұл тетік 2021 жылдан бері жұмыс істейді және құны 32 млрд теңгеден асатын жобаларды қамтиды. Ол мемлекеттің және инвестордың міндеттемелерін, жобаны жүзеге асыру шарттарын, сондай-ақ бүкіл инвестициялық цикл бойындағы негізгі параметрлердің тұрақтылығын бекітеді.

Ереже бекітілген сәттен бастап жалпы сомасы 17,8 трлн теңгеден асатын 66 инвестициялық келісім жасалды. Оның ішінде 2024 жылы – 6, ал 2025 жылы жалпы сомасы шамамен 11,2 трлн теңгені құрайтын 30 келісім жасалды. 2026 жылғы тамыздағы жағдай бойынша жалпы сомасы шамамен 4,4 трлн теңгеге тағы 25 келісім жасалды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінің көрсеткішінен асып түсті. Жобалар фармацевтика, энергетика, металлургия, агроөнеркәсіптік кешен, инфрақұрылым және денсаулық сақтауды қамтиды.

2026 жылы Үкімет жаңа инвестициялық циклді іске қосу және сапалы капитал тарту жөніндегі Президент тапсырмасын орындау мақсатында инвестициялық жобаларды сүйемелдеудің бірыңғай жүйесін қалыптастыруды жалғастыруда. Жұмысқа мемлекеттік органдар, Бас прокуратура, даму институттары, ұлттық компаниялар мен өңірлер біріктірілген.

Капитал тартудың жаңа жүйесінің дамуы, инвестициялар құрылымының өзгеруі және басым салалардағы ірі жобалар туралы Primeminister.kz редакциясының шолуынан оқи аласыз.

Жаңа сүйемелдеу жүйесі: инвестициялық өтінімнен бастап жобаны іске қосуға дейін

Жаңа инвестициялық саясат нақты жобаларды сүйемелдеуге негізделеді. 2025 жылдан бастап инвестиция тартудың үш деңгейлі жүйесі жұмыс істейді. Оған сәйкес өңірлер басым жобалардың тізімдерін қалыптастырып, инвесторларды нысаналы түрде іздейді.

Жобаларды іске қосуды жеделдету үшін рұқсат беру рәсімдерінен өтуге және мемлекеттік қолдау алуға мүмкіндік беретін Fast Track – «жасыл дәліз» тетігі енгізілді. Өңірлерде инвестициялық штабтар да жұмыс істейді, ал «прокурорлық сүзгі» бақылаушы органдар тарапынан негізсіз қысымды азайтуға мүмкіндік береді.

Инвесторларды қорғау және жобаларды сүйемелдеу үдерістері цифрлық форматқа көшірілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа құрылды. Ол 2024 жылғы желтоқсаннан бастап жобаларға мониторинг жүргізу және туындайтын кедергілерді жедел жою үшін пайдаланылып келеді.

Келесі кезең – Kazakh Invest базасында «бір терезе» қағидаты бойынша Kazakhstan Investment House бірыңғай орталығын қалыптастыру және импортты алмастыру және экспорттау міндеттерін ескере отырып, «инвестицияларға тапсырыс» тетігін одан әрі дамыту.

Шетелдік инвесторларды тарту үшін мүмкіндіктерді кеңейтуге бағытталған «Алтын виза» тетігі қосымша пысықталуда. Сыртқы істер министрлігі виза рәсімдеу қағидаларына өзгерістер енгізу жобасын әзірледі. Тетікті толыққанды іске қосу үшін көші-қон заңнамасына тиісті өзгерістер енгізілуі қажет. Осыдан кейін визалар беру қағидаларына тиісті түзетулер енгізіледі.

Инвестициялар өңдеу секторына ауысады

Инвестициялық саясат өңдеу өнеркәсібіндегі, терең өңдеудегі және жоғары технологиялық салалардағы жобаларға көбірек бағдарлануда. 2019–2025 жылдары негізгі капиталға салынған инвестициялар 12,6 трлн теңгеден 23,5 трлн теңгеге дейін немесе 1,9 есе өсті. Өңдеу өнеркәсібінде инвестиция көлемі үш есеге – 1 трлн теңгеден 3 трлн теңгеге дейін артты. Оның инвестициялардың жалпы көлеміндегі үлесі 8,1%-дан 12,7%-ға дейін, ал өнеркәсіп ішінде – 13,1%-дан 31,3%-ға дейін өсті.

Осыған байланысты инвестициялардың құрылымы әртараптандырыла бастады: капиталдың өсіп келе жатқан көлемі өңдеу және инфрақұрылымдық салаларға бағытталуда. 2025 жылы тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны $20,5 млрд-қа жетіп, 14,4%-ға өсті.

Капитал шикізаттық емес салаларға барған сайын белсенді түрде енуде: өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 47,4%-ды немесе $1,4 млрд-ты құрады, қаржы қызметіндегі инвестициялар көлемі $4,3 млрд-қа, байланыс саласында $1,3 млрд-қа жетті. Өндіруші секторда көрсеткіш 47%-ға немесе $3 млрд-қа төмендеді.

Инвестор елдердің ауқымы да кеңейді. Нидерланд, Ресей, Қытай, АҚШ, Швейцария және Франциядан бөлек, БАӘ, Қатар және Сингапурдың рөлі айтарлықтай артты: 2025 жылы БАӘ-ден түскен инвестициялар $762,7 млн-нан $1,6 млрд-қа дейін өсті, Қатардан $1,3 млрд, Сингапурдан $1,4 млрд инвестиция түсті.

Жаңа жобаларға инвестициялардың өсуі ерекше байқалады. БҰҰ ЭСКАТО деректеріне сәйкес, 2025 жылы Қазақстан $19 млрд инвестиция тартты. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 266%-ға көп және Солтүстік пен Орталық Азияға тартылған осындай инвестициялардың жалпы көлемінің шамамен 89%-на жуығы.

KAZAKH INVEST портфелінде 88 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін $78,6 млрд-қа 215 жоба бар. Олардың ішінде жалпы сомасы $32,2 млрд болатын 93 жоба қазірдің өзінде жүзеге асырылуда, ал $46,4 млрд көлеміндегі тағы 122 жоба пысықталу сатысында.

АХҚО: халықаралық капиталды тартуға арналған инфрақұрылым

Инвестициялық инфрақұрылымның жеке бір элементі ретінде «Астана» халықаралық қаржы орталығы қызмет етеді. Оның экожүйесі инвестицияларды тартуға, капитал нарығын дамытуға және халықаралық стандарттар бойынша қаржы құралдарын енгізуге бағытталған.

АХҚО инфрақұрылымына Astana International Exchange (AIX), Сот және Халықаралық төрелік орталығы кіреді, ал оның құқықтық режимі ағылшын жалпы құқығының қағидаттарына негізделген. AIX арқылы қарыз және үлестік капиталды тартуға, облигацияларды, жасыл және тұрақты облигацияларды шығаруға, сондай-ақ исламдық қаржыландыру құралдарын пайдалануға болады.

2026 жылғы шілдедегі жағдай бойынша АХҚО арқылы $26,3 млрд инвестиция тартылып, 90-нан астам елден 6 мыңнан астам компания тіркелді. АХҚО-ға қатысушы компаниялар Қазақстан бюджетіне 353,7 млрд теңге көлемінде салық төлеп, өз экожүйесінде 10 мың адамды жұмыспен қамтып отыр.

Фармацевтика: өндірісті локализациялау және импортқа тәуелділікті төмендету

Инвестициялық саясаттың басымдықтарының бірі – отандық фармацевтиканы дамыту. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет дәрілік заттар өндірісін локализациялауды жүйелі түрде кеңейтіп, нарықтағы қазақстандық өнімнің үлесін 50%-ға дейін жеткізуді көздеп отыр.

2026 жылғы қаңтарда Үкімет 173 млрд теңгеге төрт жаңа фармацевтикалық өндіріс бойынша келісімдерді мақұлдады. Қазақстанда дәрілік заттардың 356 түрін шығаруды локализациялау жоспарлануда.

«АлтИНФАРМ» ЖШС Алматыдағы «Инновациялық технологиялар паркі» АЭА аумағында фармацевтикалық зауыт салады. Инвестиция көлемі 58,5 млрд теңгені құрайды. Жоба аясында 54 дәрілік затты, оның ішінде иммунобиологиялық препараттарды, сондай-ақ онкологиялық аурулар мен қант диабетін емдеуге арналған дәрі-дәрмектерді өндіру көзделген.

«Нобел Алматы фармацевтикалық фабрикасы» АҚ халықаралық GMP стандарттарына сәйкес белсенді фармацевтикалық ингредиенттер, дәрілік заттар және биопрепараттар өндіретін фармацевтикалық кешен жобасын жүзеге асыруда. Инвестиция көлемі – 39,2 млрд теңге.

«Абди Ибрагим Глобал Фарм» ЖШС Алматы облысында көпсалалы өндірістік желілері бар фармацевтикалық кешен құрады. Инвестиция көлемі – 39 млрд теңге.

«МСП-РОМФАРМ» ЖШС Түркістан және Алматы облыстарында құны 36,7 млрд теңге болатын жоғары технологиялық фармацевтикалық зауыт жобасын жүзеге асыруда.

Қазірдің өзінде жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейту жұмыстары да жалғасуда. Шымкентте 39,5 млрд теңге жеке инвестиция «Химфарм» АҚ-ның дәрілік препараттардың отандық өндіріс үлесін арттыру жобасына бағытталуда. Жоба аясында 300 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.

Қарағанды облысында 42,5 млрд теңге көлемінде Қарағанды фармацевтикалық кешенінің өндірістік қуаттарын салу және жаңғырту жөніндегі инвестициялар туралы келісім мақұлданды. Жоба импортты алмастыру және дәрілік заттардың отандық өндірісін ұлғайту жұмыстары аясында жүзеге асырылуда.

Тағы 32,5 млрд теңге көлеміндегі инвестиция «Алатау» АЭА аумағында Steppe pharmaceuticals толық циклді биофармацевтикалық кешенін салуға бағытталады.

АӨК-ті терең өңдеу: инвестициялар толық өндірістік циклді қалыптастырады

Инвестициялық портфельдің ірі бөлігі ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеу жобаларына бағытталуда. Мемлекет басшысы 2025 жылғы Жолдауында мұндай жобаларды ауқымын кеңейтіп, өңірлерде толыққанды өндірістік тізбектер құруды тапсырды. Ірі жобалардың бірі – құны $739 млн болатын Dalian Hesheng Holdings компаниясының бидайды терең өңдеу кешені. Қазақстанда тамақ өнеркәсібі, фармацевтика, жемшөп өндірісі және биотехнология салаларына арналған глютен, крахмал, аминқышқылдары және басқа да өнімдер өндірілетін болады.

Жамбыл облысында Fufeng Group компаниясы жүгеріні терең өңдеуге $340 млн инвестиция салып, лецитин, изолейцин, BCAA және теанин өндіруді жоспарлап отыр. Кәсіпорынды іске қосу 2026 жылдың қыркүйек айына жоспарланған. Жоба отандық жүгеріге қосымша сұраныс қалыптастырып, сабақтас өндірістердің жүктемесін арттырады.

Түркиялық Tiryaki Agro компаниясы дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды терең өңдейтін интеграцияланған агроөнеркәсіптік кешен салуға шамамен $320 млн инвестиция салады. Жоба аясында крахмал, глютен, лизин, глюкоза-фруктоза шәрбаты, құрамажем және экспорттық әлеуеті бар бұршақ протеинінің изоляты өндіріледі.

Халықаралық капитал және отандық жеткізушілерді дамыту

Жаңа инвестициялық циклде жобалардың сапасына, атап айтқанда, өндірісті локализациялауға, отандық жеткізушілердің өндірістік қуаттарын жүктеуге, сабақтас өндірістерді дамытуға және жаңа нарықтарға шығуға басымдық берілуде.

Алатау қаласында Mars компаниясы агроөнеркәсіптік шикізатты терең өңдеу арқылы үй жануарларына арналған жем өндіретін зауыт салу жобасына $160 млн инвестиция салуда. PepsiCo Алматы облысында тұзды тіскебасарлар өндіретін зауыт салуға $368 млн инвестиция салып, 900-ге дейін жұмыс орнын ашады.  Кәсіпорынға қажетті шикізатты шамамен 30 отандық компания жеткізетін болады. Олар зауыттың қажеттіліктеріне сай картоп өсіреді.

Carlsberg Group Алматы облысында жаңа сусындар зауытын салуға $344 млн инвестиция салады. Қазір жұмыс істеп тұрған Carlsberg Kazakhstan өндірісіндегі сатып алулардың жергілікті қамту үлесі 80%-ға жетеді: Қазақстанда арпа, бидай, алюминий ыдыстар, шыны бөтелкелер және басқа да материалдар сатып алынады.

«ДӨО алқабы»: цифрлық экономиканың инфрақұрылымына инвестициялар

Экономиканы цифрлық трансформациялау міндеттерін жүзеге асыру аясында Екібастұзда есептеу инфрақұрылымын, бұлтты сервистерді және жасанды интеллект технологияларының қуаттарын орналастыруға арналған «ДӨО алқабы» қалыптастырылуда. Жоба үшін Екібастұз ГРЭС-1 маңынан ауданы 200 гектар болатын жер учаскесі белгіленді. Болашақта аумақты кеңейту мүмкіндігі қарастырылған.

Энергетикалық инфрақұрылымның қуаты 300 МВт-тан 1 ГВт-қа дейін есептелген. Күтілетін инвестиция көлемі шамамен $30 млрд-ты құрайды, 500 жоғары білікті жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Жобаның даму барысына қарай алаңның аумағы 1,4 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Халықаралық инвесторлар үшін қажетті инфрақұрылымы мен құқықтық жағдайлары қамтамасыз етілген Greenfield-аймақ қалыптастырылуда.

2026 жылғы маусымда Firebird және NVIDIA компанияларымен жасанды интеллект пен цифрлық инфрақұрылым саласында жалпы сомасы $10 млрд болатын келісімдер топтамасына қол қойылды. Инвестор – Firebird, ал NVIDIA технологиялық серіктес ретінде қатысады. Алаңның энергетикалық қуаты кезең-кезеңімен 300 МВт-тан 1 ГВт-қа дейін ұлғайтылатын болады.

Жоба энергетика, телекоммуникациялар, деректерді өңдеу және жасанды интеллект тоғысындағы инвестициялар үшін жаңа бағыт ашады. Көмір химиясы: дәстүрлі шикізатты өңдеудің жаңа бағыты. Неғұрлым жоғары өңдеу деңгейіндегі өндірістерді дамыту дәстүрлі шикізат салаларын да әсер етеді. Қарағанды облысында жылына 1 млн тонна металлургиялық кокс өндіретін заманауи зауыт салу жобасы жүзеге асырылуда.

Көмірді шикізат ретінде экспорттаудың орнына, ел ішінде қара металлургияда сұранысқа ие өнім – металлургиялық кокс өндіру көзделуде. Жоба ішкі өңдеу көлемін ұлғайтып, көмір химиясы бағытын одан әрі дамытуға негіз қалыптастырады. Инвестиция көлемі 63,6 млрд теңгені құрайды, 500-ге дейін жұмыс орнын ашу көзделген.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Әпке! Кімге болсын әпкенің қадірі, орны бөлек – жанашырың, сен үшін күйіп-пісер жанкүйерің. Бұған әпкелер қанатының астында жетіліп, кемдік көрмей,...

Қазақстанда тартылатын капитал көлемін ұлғайтуға ғана емес, оның құрылымын өзгертуге де бағдарланған жаңа инвестициялық цикл қалыптасуда. Басымдық...