Әпкелердің әдемі әлемі

Әпкелердің әдемі әлемі

Әпке! Кімге болсын әпкенің қадірі, орны бөлек – жанашырың, сен үшін күйіп-пісер жанкүйерің. Бұған әпкелер қанатының астында жетіліп, кемдік көрмей, мынау дүниеден өз орнын тауып кеткен миллиондар куә. Кешегі небір нәубетті кезеңдерде бейнеттің бел ортасында жүрсе де бауырларын бауырына басып, барын алдына тосып, тұтас бір ұрпақты жетілдірген әпкелер армиясының ерлігін кейде айта бермейміз, елеусіз қалдырамыз...

Мен жоғарыдағы бұл ойымды әпкесінен ертерек көз жазып қалған адам ретінде былайша өрбіткім келеді.

Әпке – туған бауыр ғана емес, ата-анадан кейінгі қамқоршы, тілекші, тәрбиеші. Басқасын айтпағанда, қазақ қоғамында ғасырлардан тамыр тартқан, әбден қалыптасқан әпкелер институтының ерекше қызметі жүректі елжіретпей қоймайды. Құдайдың өзі бекітіп берген қағидасы, ережесі бар осынау институттың ішкі иірімдеріне үңілсеңіз оның соншалықты тұнық, таза әрі мейірімге толы ғаламат әлемін, тәлім мен тәрбиенің қайнарын көрер едіңіз...

Шаңырақтағы қыз есейген сайын өзінен кейінгі бауырлары алдындағы жауапкершілікті сезініп өседі. Бұл жауапкершілік оған үлкен міндеттер жүктейді. Мұны табиғи заңдылық десе де болар. Кеше ғана өзі бала болып жүрген әпке бір күні інісінің сабағын сұрап, киімін түгендеп, жөнсіз қылығына ренжіп, жақсы ісіне қуанып отырғанын өзі де байқамай қалады. Содан, жақсы көре тұрып сынайды, еркелете тұрып талап қояды, қажет кезінде ұрсады да. Сырттан біреу інісіне жәбір көрсетсе араша түседі, жағдай күрделенсе ештеңеден қаймықпай қайратына мініп, қарсыласты «қиып» түседі. Бұлар әпкенің бір ғана қырын көрсететін жайттар.

Айтпақшы, әпке сенің кемшілігіңді жұрттан бұрын көреді, бірақ жұртқа ол туралы тіс жармайды. Қателігіңді бетіңе айтады, бірақ сырт айналмайды. Жеңісіңе кейде өзіңнен де артық қуанады. Ал басыңа іс түскенде шақырмай-ақ жетіп келетін де сол аңқылдаған әпкең. Жылдар өте келе жан-жаққа тарап кеткен бауырлардың арасын жалғап, басын қосып жүретін тағы да сол әпкелер. Бұған ешкім дау айтпас. Әпке ұзатылып, басқа шаңырақтың адамы атанса да, төркінінің, алыстағы бауырларының амандығын ойлап отырады. Інісі қанша жасқа келсе де, әпкесі үшін ол баяғы кішкентай бала. Мүмкін, әпкелер институтының құдіреті де осында шығар.

Біз жайшылықта әпке қадірін көп біле бермейтіндейміз. Әпкенің «қайда жүрсің?», «жағдайың қалай?», «мынаны былай істесеңші» деген сауалдарын кейде күнделікті әңгіме деп қабылдаймыз. Тіпті кейбір ақылына іштей ренжитін кезіміз де болады. Ал уақыт өте келе сол қарапайым сөздердің астарында қаншама махаббат жатқанын түсінеді екенсің. Өйткені өмірде адамның жағдайын сұрайтындар көп болуы мүмкін. Бірақ сенің тағдырыңа шын алаңдайтын адамдар көп емес. Сол санаулы адамдардың бірі – әпке.

Әпке келгенде балалық шақтың есігі қайта ашылғандай болады. Жасың қаншаға келсе де, оның жанында өзіңді кішкентай сезініп, бір сәт баяғы бала күніңе ораласың. Өйткені әпке сенің бүгінгі атақ-дәрежеңді ғана емес, кім болғаныңды, қайдан шыққаныңды біледі. Сенің бала күніңді көрген, қуанышың мен тентектігіңе куә болған адам. Сондықтан әпкеден айырылу – бір туғаныңнан ғана айырылу емес. Онымен бірге балалық шағыңның бір куәгері, өткен өміріңнің бір бөлшегі кетеді. «Інім» деп маңдайыңнан сипағандағы мейірімі сағымданады. Бірақ әпке берген тәрбие жоғалмайды. Оның кезінде айтқан бір ауыз сөзі жылдардан кейін ойыңа оралуы мүмкін. Оның адамға жасаған жақсылығын өз балаңа айтып отыруың, мінезіндегі бір қасиетті өз бойыңнан байқап қалуың бек мүмкін. Әпкелердің бауырларына берген асыл дүниелері өшпейтінін, өлмейтінін сонда түсінесің. Әпкелердің асыл болмысы кейінгі ұрпақ бойына мінез, тәрбие, естелік болып көшеді. Міне, әпкелер институтының ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын қасиеті.

Әпкесінен айырылған жанның жүрегінде оның орны ешқашан толмайды екен. Жылдар өте сағыныштың үні бәсеңсігендей болғанымен, бейнесі алыстамайды. Қайта адамның жасы ұлғайған сайын оның кезінде көрсеткен қамқорлығының, айтқан ақылының, бір ауыз жылы сөзінің бағасы арта береді. Өйткені әпке – балалық шақтан ғұмырыңың соңына дейін үзілмейтін бауырлық мейірімнің темірқазығы.

Біз де осыдан қырық жыл бұрынғы 6 желтоқсанда туған әпкеміз Раяны жер қойнына тапсырған едік... Содан бері әпкеме деген сағынышымыз бір басылмай, үнемі ол кісімен іштей тілдесіп жүремін. Бүгін де әпкеме: « Биыл жетпіс жасқа толар едіңіз, аяулы әпке...», деп басталар жан сырымды ақтарғым келеді. «Егер тағдыр басқа болғанда, осы күні бәріміз айналаңызға жиналып, жетпіс жасыңызды тойлап, төрімізге шығарып, ақ тілегімізді арнап отырар ма едік... Шашыңызға ақ, жүзіңізге әжім ізі түскенімен, баяғы мейірімді қалпыңыздан айнымай, інілеріңізге ақылыңызды айтып отырар ма едіңіз... Бірақ бізге ондай бақыт бұйырмады ғой. Сіздің өмірден өткеніңізге биыл қырық жыл. Осы қырық жылда талай дүние өзгерді. Біз есейдік. Өзіміз де үлкен болдық. Бірақ сіздің бейнеңіз інілеріңіздің жадында сол қалпы сақталып қалды. Мәңгілік отыз жастағы әпкеміз болып қалдыңыз. Кейде осыны ойлағанда жүрек шымырлайды. Сіз інілеріңіздің есейгенін, азамат болғанын, өмірдің талай белесінен өткенін көре алмадыңыз. Қуанышымызға ортақтасып, қиын күнімізде қасымыздан табыла алмадыңыз. Ал сіз біздің қандай азамат болатынымызды қатты ойлап, алаңдайтын едіңіз ғой... Мектеп қабырғасында жүрген кезіңізден-ақ зеректігіңізбен, білімге деген құштарлығыңызбен ерекшелендіңіз. Институтта да жақсы оқып, алдыңызға үлкен мақсат қойып, соған жетуге ұмтылдыңыз. Оқуға деген ынтаңыз, ізденісіңіз біз үшін үлкен үлгі-өнеге болды. Қызметте де абыройлы болып, ортаңызды игі істерге жұмылдыра білдіңіз... Сіздің бізге қалдырған ең үлкен мұраңыз – адамдық қасиетіңіз. Інілеріңізге деген қамқорлығыңыз қандай еді, шіркін! Біріміз сүрінсек сүйеп, біріміз қателессек жөн сілтеп, әрқайсымыздың жақсы адам болғанымызды қаладыңыз. Кейде қаталдау айтқан сөзіңіздің арғы жағында да бізге деген алаң көңіліңіз жататынын сезетінбіз. Ақылыңызды айтып қана қоймай, өзіңіздің жүріс-тұрысыңызбен, біліміңізбен, еңбекқорлығыңызбен бізге үлгі болдыңыз. Бала кезімізде мұның бәрінің қадіріне жетттік пе, жетпедік пе, білмеймін... Адам кейбір жақынының қадірін жылдар өткен сайын тереңірек түсінеді екен. Өмір жолында талай шешім қабылдап, талай қиындықпен бетпе-бет келгенде сіздің кезінде айтқан сөздеріңіз ойымызға оралады. Сондай сәттерде: «Әпкеміз болғанда не айтар еді? Қандай ақыл берер еді?» деп еріксіз ойланамыз. Өйткені сіз біз үшін жай ғана туған әпке емес, балалық шағымыздың бір бөлшегі, үйіміздің жылуы едіңіз. Сіз кеткенде біз өмірдің ең ауыр ақиқатының, сынының бірін түсінуге тым жас едік. Уақыт өте келе қазаңыздың салмағын тереңірек сезіндік. Содан бері қырық жыл – қырық көктем, қырық жаз, қырық қыс өтті, енді міне, қырықыншы күз есігін ашқалы тұр. Сіз кеткен соң да өмір жалғаса берді. Біз де тіршіліктің соңынан жүрдік. Қуанышты күндер, қайғылы күндер болды. Отбасымыз көбейді, жаңа ұрпақ дүниеге келді. Осындай сәттердің бәрінде сіздің орныңыз білініп тұрады. «Әпкеміз ортамызда болғанда ғой...» деген бір өкініш көңілдің түкпірінде бірге жасасып келеді. Әсіресе биыл бұл сезім тіпті бөлек. 20 тамыз... Сіздің жетпіс жасқа толатын күніңіз. Егер ортамызда болғаныңызда бәріміз жетпіс жасыңызды атап өтіп, өткен күндерді еске алып, әзілдесіп, әңгімелесіп отырар едік. Біз сіздің алдыңызда баяғы кішкентай інілеріңіздей болып, ақылыңызды тыңдап отырар ма едік... Сол көріністі көз алдыма елестетемін. Бірақ тағдырдың жазуын өзгерте алмайсың.

Сізге отыз-ақ жыл ғұмыр берілді. Осы отыз жылдық ғұмырыңыз біздің жүрегімізде қырық жылдан бері жалғасып келеді. Егер адамның рухы соңында қалған жақындарының сағынышын сезетін болса, біздің сізді ұмытпағанымызды, сағынып жүргенімізді біліп жүрген шығарсыз, әпке.

20 тамызда біз сізге «жетпіс жасыңыз құтты болсын» деп тілек айта алмадық. Мерейтойыңызда төрімізге отырғызып, алдыңызға ақ дастарқан жая алмадық. Бірақ бүгін сізге айтар бір ғана сөзіміз бар: Біз сізді ұмытқан жоқпыз.

Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын, аяулы әпкем. Жаның жәннаттың төрінде болғай. Сіз біз үшін өмірден отыз жасында озған әпкеміз ғана емессіз, қырық жылдан бері жүрегімізде өмір сүріп келе жатқан аяулы жансыз. Сізге деген сағынышымыз сарқылмайды».

Мейірбеков Берік Қуанұлы

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Әпке! Кімге болсын әпкенің қадірі, орны бөлек – жанашырың, сен үшін күйіп-пісер жанкүйерің. Бұған әпкелер қанатының астында жетіліп, кемдік көрмей,...

Қазақстанда тартылатын капитал көлемін ұлғайтуға ғана емес, оның құрылымын өзгертуге де бағдарланған жаңа инвестициялық цикл қалыптасуда. Басымдық...