Түркістанда инвесторлар мен кәсіпкерлер үшін ашық диалог алаңы ұйымдастырылып, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысында туындайтын мәселелерді шешудің тиімді тетіктері талқыланды. Кездесудің негізгі мақсаты – инвесторлардың құқықтарын қорғау, әкімшілік кедергілердің алдын алу, жобаларды жүйелі сүйемелдеу және бизнестің мемлекеттік органдармен тікелей байланысын күшейту.
Жиынға ҚР Бас Прокурорының бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, облыс прокуроры Бауыржан Мырзакеров, мемлекеттік органдардың басшылары, кәсіпкерлер мен инвесторлар қатысты.
Кездесу ашық диалог форматында өтті. Инвесторлар өз жобаларын жүзеге асыру кезінде кездесетін мәселелерді тікелей көтеріп, мемлекеттік органдар өкілдерінен нақты жауаптар алды. Мұндай формат бизнес пен мемлекеттік құрылымдар арасындағы байланысты нығайтып, мәселені ұзаққа созбай, тиісті органдардың қатысуымен қарауға мүмкіндік береді.
Жандос Өмірәлиев инвесторлардың құқықтарын қорғау бағытында жаңа тәсілдердің қалыптасып келе жатқанын атап өтті. Президент Жарлығына сәйкес Бас Прокурорға Инвестициялық омбудсмен функциялары беріліп, оның жұмыс органы ретінде Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құрылған.
Негізгі міндет – мәселе туындағаннан кейін ғана әрекет ету емес, инвестордың қызметіне кедергі келтіруі мүмкін тәуекелдердің алдын алу.
«Ең бастысы – инвестор өз құқығының қорғалатынына сенімді болуы тиіс. Біздің міндетіміз де сол – осы сенімді ақтау», – деді Жандос Өмірәлиев.
Бұл тәсіл Түркістандағы кәсіпкерлік ортаны дамыту үшін де маңызды. Инвестор үшін жобаның экономикалық әлеуетімен қатар, оның барлық кезеңінде құқықтық тұрақтылықтың болуы шешуші факторлардың бірі. Жер телімін рәсімдеу, инженерлік инфрақұрылымға қосылу, қажетті рұқсаттарды алу немесе мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл кезінде туындайтын кедергілердің уақытылы шешілуі жобаның белгіленген мерзімде жүзеге асуына ықпал етеді.
Бүгінде Түркістан облысында прокурорлар жалпы құны 3,2 трлн теңге болатын 219 инвестициялық жобаны сүйемелдеуде. Оның 175-і Ұлттық инвестициялық пулға, 44-і өңірлік пулға енгізілген. Жыл басынан бері жалпы сомасы 920 млрд теңгені құрайтын 27 инвестордың құқығы қорғалып, 30 инвестициялық кейс шешімін тапқан. Сонымен қатар 25 заңсыз әкімшілік іс бойынша келісім беруден бас тартылып, 23 инвесторға қатысты негізсіз тексеру тоқтатылған.
Бұл көрсеткіштер инвестиция тартуда тек жаңа жобаларды іздеу жеткіліксіз екенін көрсетеді. Қаржы салуға дайын кәсіпкердің жобасын нақты іске қосуға дейін жеткізу, туындаған кедергілерді жою және заңды мүддесін қорғау да инвестициялық саясаттың маңызды бөлігі.
Жиында нақты өндірістік жобаларды сүйемелдеудің нәтижелері де айтылды. «Central Asia Aluminum Company» компаниясының құны 4,4 млрд теңге болатын алюминий профильдерін өндіру жобасын жүзеге асыру барысында кәсіпорынға қажетті табиғи газ көлемін алу мәселесі шешілген. Нәтижесінде өндіріс іске қосылып, 200 жаңа жұмыс орны құрылған.
Сондай-ақ «Қарқын Трейд» ЖШС-ның құны 10 млрд теңгеден асатын ет өңдеу зауытының жобасына кедергі келтіруі мүмкін шешімнің прокурорлық сүзгі арқылы алдын алынғаны айтылды. Инвестор қажетті рұқсаттарды алып, құрылыс жұмыстарын бастаған.
Мұндай жобалардың жүзеге асуы жаңа өндіріс орындарының пайда болуымен ғана шектелмейді. Өндіріс іске қосылған сайын құрылыс, логистика, техникалық қызмет көрсету, шикізат жеткізу және басқа да бағыттарда қосымша сұраныс қалыптасады. Бұл шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына да мүмкіндік береді.
Өңірде инвесторлармен тікелей байланыс орнатуға да ерекше көңіл бөлінуде. Invest Caravan 2026 акциясы аясында қала және аудандарда инвесторлармен 29 кездесу ұйымдастырылған. Мұндай кездесулер бизнестің мәселелерін жергілікті жерде анықтап, олардың шешу жолдарын мемлекеттік органдармен бірлесіп қарауға жағдай жасайды.
Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев инвестор үшін қаржы салуға қолайлы орта қалыптастырумен қатар, жобаны жүзеге асырудың барлық кезеңінде нәтижеге бағытталған сүйемелдеудің маңызды екенін атап өтті.
Инвестициялық жобалардың сәтті жүзеге асуы Түркістан үшін жаңа өндірістердің ашылуына, кәсіпкерлік белсенділіктің артуына және жұмыс орындарының құрылуына негіз болады. Сондықтан инвесторлардың құқықтарын қорғау мен әкімшілік кедергілерді азайту қаланың инвестициялық тартымдылығына тікелей әсер етеді.
Бүгінде еліміз бойынша прокурорлар 3 мыңнан астам инвестициялық жобаны сүйемелдеуде. Ал Түркістан облысында биыл құны шамамен 370 млрд теңге болатын 67 жоба инвестициялық пулға енгізілген.
Түркістанда өткен ашық кездесу мемлекет, прокуратура, кәсіпкерлер мен инвесторлар арасындағы тікелей диалогтың инвестициялық ахуалды жақсартудағы маңызын көрсетті. Инвестордың мәселесін уақытылы шешу, оның құқығын қорғау және жобаны іске қосылғанға дейін жүйелі сүйемелдеу – жаңа өндірістердің ашылуына, жеке капиталдың тартылуына және Түркістандағы кәсіпкерлік ортаның тұрақты дамуына мүмкіндік беретін маңызды бағыт.


