2026 жылғы 10 қыркүйекте Алматы қаласында адалдық, қызметтік әдеп, мүдделер қақтығысының алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелеріне арналған «ADALDYQ CUP» интеллектуалдық-командалық викторинасы өтті.
Іс-шараны «Ақпараттық-ресурстық орталық» қоғамдық қоры Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында жүзеге асырылатын «Болашақ – сыбайлас жемқорлыққа қарсы» жобасы шеңберінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментімен бірлесіп ұйымдастырды.

Викторинаның негізгі мақсаты — мемлекеттік қызметтегі адалдық пен жауапкершілік қағидаттарын нығайту, мемлекеттік органдар қызметкерлерінің құқықтық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ жұмыс орнында адалдық мәдениетін қалыптастыру.
Интеллектуалдық ойынға алты мемлекеттік органның командалары қатысты:
- Алматы қаласы бойынша Қазынашылық департаменті.
- Алматы қаласы Алатау ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы.
- Алматы қаласы Әділет департаменті.
- Медеу ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы.
- Түрксіб ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы.
- Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Алматы қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті.

«ADALDYQ CUP» бағдарламасы төрт конкурстық кезеңнен тұрды. Әр кезең қатысушылардың білімін, командалық дағдыларын және түрлі жағдайларда шешім қабылдау қабілеттерін бағалауға бағытталды.
Бірінші кезең — «Біздің қызметіміз — біздің адалдығымыз». Командалар үй тапсырмасы ретінде шығармашылық қойылымдарын ұсынды. Өз өнерлерінде қатысушылар ұжымның бірлігін, қызметтік міндеттерге жауапкершілікпен қарауды, адалдық пен ашықтық қағидаттарына бейілділігін көрсетті.
Екінші кезең «Тез ойла» блиц-турнирі форматында өтті. Шектеулі уақыт ішінде қатысушылар мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексіне, мүдделер қақтығысына, заңнама нормаларына және мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаттарына қатысты сұрақтарға жауап берді.
«Адалдық таразысы» кезеңінде командалар практикалық жағдайларды талдап, заңнама мен әдеп нормаларының бұзылу фактілерін анықтады, сондай-ақ ықтимал мүдделер қақтығыстарын айқындады. Бұл формат қатысушыларға аналитикалық ойлау қабілетін және алған білімдерін тәжірибеде қолдана білетінін көрсетуге мүмкіндік берді.

Викторина «Капитандар сайысымен» қорытындыланды. Команда капитандары түрлі деңгейдегі сұрақтарға жауап беріп, нормативтік құқықтық актілерді білуін, логикалық ойлауын, тапқырлығын және жедел шешім қабылдау қабілетін көрсетті.
1 орын — Алматы қаласы бойынша Қазынашылық департаменті.
2 орын — Алматы қаласы Әділет департаменті.
3 орын — Алматы қаласы Алатау ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы.
«ADALDYQ CUP» жеңімпаздары мен барлық қатысушыларды құттықтаймыз!
Қатысушылар өздерінің жоғары дайындық деңгейін, командалық ұйымшылдығын және мемлекеттік органдарда адалдық мәдениетін одан әрі дамытуға деген қызығушылығын көрсетті.

«ADALDYQ CUP» интеллектуалдық-командалық ойыны білім және практикалық тәжірибе алмасуға, кәсіби өзара іс-қимылды нығайтуға, сондай-ақ мемлекеттік қызмет жүйесінде адалдық, заңдылық, ашықтық және жауапкершілік қағидаттарын ілгерілетуге арналған ашық алаңға айналды.
Іс-шара Алматы қаласының Әлеуметтік қызметтер үйінде, мекенжайы: Достық даңғылы, 85 мекенжайында өтті.

