Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының құрамындағы Astana Musical мемлекеттік театры мерейтойлық шығармашылық маусымын «Достар серті» мюзиклімен ашты. Биыл театрдың құрылғанына 10 жыл толып отыр, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Театр тарихы бастау алған қойылымның мерейтойлық маусымды ашуының өзіндік мәні бар. «Достар серті» он жылдан бері ұжымның негізгі қойылымдарының бірі саналады. Театр жаңа шығармашылық маусымын дәстүрлі түрде осы мюзиклмен бастап келеді.
Спектакльде Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, Ескендір Хасанғалиев және «Дос-Мұқасан» ансамблінің көпшілікке танымал шығармалары орындалды. Қойылым түрлі жанрдағы хореографиялық нөмірлермен және көркем сахналық шешімдермен толыға түсті.
Astana Musical 2016 жылы құрылып, Орталық Азиядағы мюзикл жанрына маманданған алғашқы театр атанды. Он жыл ішінде ұжым өзіндік шығармашылық қолтаңбасын қалыптастырып, репертуарын кеңейтті және тұрақты көрермен қауымын жинады.
Мерейтойлық маусымда Astana Musical репертуары тағы екі жаңа қойылыммен толығады.

