Үндістан, Нью-Дели қаласы
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Делиде «аутрич»/«БРИКС плюс» форматындағы пленарлық отырыста сөз сөйледі. Жиын «Орнықтылықты, инновацияны, ынтымақтастық пен тұрақтылықты нығайту» тақырыбына арналған, деп хабарлайды No-comment.kz - Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы қонақжайлық танытқан және БРИКС саммитін жоғары деңгейде ұйымдастырған Премьер-министр Нарендра Модиге алғыс айтты.
– Біздің кездесуіміз Үндістанның бірегей бай мәдени мұрасын паш ететін Нью-Дели қаласында өтіп жатыр. Мұның өзі символдық мәнге ие. Бүгінде «Адамзат – бәрінен маңызды» қағидасына негізделген және халықтардың мүддесін көздейтін күн тәртібі аса өзекті. БРИКС аясындағы ынтымақтастықтың 20 жылдығымен тұспа-тұс келген Үндістанның төрағалығы бұл бағытқа айрықша серпін берді, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жаһан жұртының жартысына жуығын құрайтын және әлемдік ішкі жалпы өнімнің 40 пайызын беретін БРИКС – айтарлықтай мүмкіндікке ие. Сонымен бірге аталған құрылым алауыздықты азайтып, нақты нәтижеге қол жеткізуге де жауапты.
– Дегенмен халықаралық қоғамдастық алдында тұрған іргелі мәселелердің шешімін тауып, жетекші державалар арасындағы сенім деңгейін қалпына келтірмейінше, БРИКС әлеуетін толық іске асыру мүмкін емес. Бұл үрдіс 2026 жылы жарияланған Жаһандық бейбітшілік индексінде айқын көрініс тапты. Геосаяси қақтығыстар ушығып, милитаризация күшейген, көпжақты институттар әлсіреп, сауда кедергілері көбейген кезеңді сипаттайтын «Жаппай жікке бөліну» деген ұғым пайда болды. Былтыр қақтығыстардың салдарынан жаһандық экономика шамамен 22 триллион доллар зиян шекті. Яғни әлемдік ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына парапар. Бұл – алаңдатарлық ахуал. Біз аймақтық кикілжіңдердің қақтығысушы тараптармен шектелмей, халықаралық экономикаға зардабын тигізе бастағанына куә болып отырмыз. Маңызды теңіз жолдарының үзілуі жаһандық энергетика, азық-түлік және сауда тізбегіндегі осал тұстарды анық көрсетті, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті трансшекаралық инфрақұрылымға төнген қауіп-қатердің ұлғая түсуін тағы бір күрделі проблема ретінде атады.
– Дәл осы себепті бейбітшілік пен стратегиялық тұрақтылық экономикалық және орнықты дамуға қажетті алғышарттар саналады. Алайда бұл экономика шеңберіне де сыймайтын мәселе. Саяси диалог пен дәйекті дипломатия арқылы аймақтағы шиеленісті бәсеңдетіп, ұзақмерзімді тұрақтылық орнатуға басымдық берілуге тиіс. Кеңірек қарайтын болсақ, халықаралық қауіпсіздік архитектурасының күйреуі және ұзаққа созылған қақтығыстар жаңа қарулану жарысы мен стратегиялық қателіктерді, сондай-ақ жаңсақ шешімдер қабылдау қаупін күшейтеді. Сондықтан ядролық, соның ішінде жаңа технологияларға қатысты қатерлерді азайту мақсатында атом қаруы бар державалардың жоғары деңгейдегі диалогы өте қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының пайымдауынша, жетекші державалар арасында сенім деңгейінің төмендеуі Біріккен Ұлттар Ұйымының тиімді әрекет ету мүмкіндіктерін шектейді.
– Алайда БҰҰ-ға балама жоқ. Реформа Ұйымның қақтығыстардың алдын алып, ұжымдық шешімдер қабылдау әлеуетін нығайтуға тиіс. БҰҰ Жарғысы мүлтіксіз сақталуы қажет. Оны әркім өз бетінше қолдануына болмайды. Қауіпсіздік Кеңесін реформалау кезінде қазіргі әлемнің жағдайы ескеріліп, оның құрамында Азия, Африка және Латын Америкасы елдерінің өкілдері болуын қамтамасыз еткен жөн. Дамып келе жатқан орта державалар да жаһандық ауқымдағы шешім қабылдауға салмақты үн қосуы керек. Өйткені олар диалогты өрбітіп, геосаяси қайшылықтар мен келіспеушіліктерді еңсеруге ықпал ете алады. Қазақстан серіктес ел ретінде БРИКС-ті нақты ынтымақтастыққа арналған, БҰҰ-ның көпжақты жүйедегі жетекші рөлін толықтыратын әрі халықтарды, өңірлер мен нарықтарды өзара байланыстыратын ашық алаң ретінде қарастырады. Әрбір күрделі мәселенің шешімін іздеу – біздің бұлжымас ұстанымымыз. Бұл Қазақстанның барлық серіктестермен өзара тиімді ықпалдастыққа ұмтылатын теңгерімді, нақты нәтижеге бағдарланған сыртқы саясатына сай келеді, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Қазақстанның БРИКС-қа мүше және серіктес елдермен тауар айналымы 72 миллиард долларға жуықтағанын айтты.
– Біз барлық БРИКС мемлекеттерімен сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды әртараптандыруға ниеттіміз. Оған өнеркәсіп, транзит және технологиялық әлеуетіміз жетеді. Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың қазіргі төрағасы ретінде БРИКС-пен экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуді және Үндістанмен еркін сауда туралы келісім жасасуды құптайды. Еліміз негізгі шикізат көздерін жеткізетін сенімді серіктес ретінде дүние жүзіндегі тасымал тізбегінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосып келеді. Біздің ойымызша, энергетика, аса маңызды минералдар және ауыл шаруашылығы салаларында өнімді терең өңдеу бойынша серіктестікті дамытуға мүмкіндік мол. Бұл ретте технология мен білім алмасуға және бірлескен инвестицияға айрықша мән берген жөн. Бұдан бөлек, біздің ауқымды инфрақұрылым жобаларды, соның ішінде халықаралық маңызы бар бастамаларды бірлеске іске асыруға әлеуетіміз жетеді. Жаңа даму банкі БРИКС елдеріндегі, сондай-ақ Қазақстандағы коммерциялық тұрғыдан өміршең жобаларды қаржыландыру мүмкіндігін қарастыра алар еді, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті көлік қатынасын нығайту мүмкіндіктерге жол ашып, ортақ экономикалық өсімге тың серпін береді деп санайды.
– Қазақстан Еуразиядағы басты транзит-логистика орталықтарының бірі ретінде теміржол желілерін, порттар мен цифрлық инфрақұрылымды дамыту арқылы трансшекаралық жүк тасымалын анағұрлым тез әрі болжамды қалыпқа түсіргісі келеді. Өткен жылы Қазақстан арқылы 40 миллион тоннаға жуық транзиттік жүк тасымалданды. Ұзақмерзімді жоспар бойынша осы көрсеткішті жылына 100 миллион тоннаға жеткізуді мақсат етіп отырмыз. Қазір Қытай мен Еуропа арасындағы құрлық жолдарымен жеткізілетін жүктің 85 пайызы Қазақстан аумағымен өтеді. Еліміз Транскаспий халықаралық көлік бағыты аясында Азия мен Еуропа арасын Каспий теңізі арқылы жалғайтын стратегиялық нүкте саналады. Бұл маңызды бағдарды «Бір белдеу, бір жол» бастамасымен және «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізімен ұштастыру Еуразияның барынша интеграцияланған және орнықты көлік желісін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Осы орайда, Үндістан логистика және жеткізу тізбегі салаларындағы ынтымақтастықты көздейтін БРИКС Негіздемелік бағдарламасын ұсынды. Мен мұны құптаймын. Өйткені ол БРИКС плюс форматындағы нақты ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы экономиканы, қоғамды және күштердің жаһандық теңгерімін өзгерте бастаған жасанды интеллектінің рөліне тоқталды.
– БРИКС қарқынды дамып келе жатқан мемлекеттердің технологиялық әлеуетін олардың ауқымымен ұштастырып, инновация, инвестиция және тұрақты экономикалық өсімнің жаңа мүмкіндігін ұсына алады. Қазақстан үшін жасанды интеллект стратегиялық басымдыққа ие. Бұл ретте еліміз БРИКС плюс аясындағы тиімді ынтымақтастықтың аясын кеңейту үшін алдыңғы қатарлы есептеу инфрақұрылымын, сондай-ақ БҰҰ-ның ұлттық және цифрлық орталықтарын жұмылдыруға дайын. Нақты шара ретінде жасанды интеллект саласы бойынша БРИКС плюс серіктестігін іске қосуды ұсынамын. Оның аясында ұлттық ЖИ орталықтарын біріктіруге, зертханалар мен ғылыми жобаларды қолжетімді етуге, сондай-ақ бірлесіп көптілді шешімдер әзірлеуге болады, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, орнықтылық технологиялық тұрғыдан алға басумен ғана өлшенбейді.
– Бәріміз үшін зор маңызға ие су ресурстары мәселесін көтергім келеді. Жаһандық деңгейде су ресурстарын басқару ісі шашыраңқы жүргізіліп келеді. Осы орайда, әлем елдерінің күш-жігерін бір арнаға тоғыстырып, мемлекетаралық үйлестіру жұмыстарын нығайту үшін Халықаралық су ұйымын құруды ұсындық. Ол БҰҰ-ның арнаулы құрылымы ретінде қызмет етеді. БРИКС-ке мүше мемлекеттер мен серіктестерімізді осы маңызды жобаны қолдау үшін Қазақстан бастамашы болған халықаралық консультацияларға қосылуға шақырамын, – деді Мемлекет басшысы.
Президент сөзін түйіндей келе, тиімді көпжақты ынтымақтастық болмаса, көпполярлы жүйе жікке бөлінуді одан сайын ушықтырып, адамзатқа қауіп төндіретінін айтты. Оның пікірінше, Қазақстан егемендікке, мүдделердің теңгеріміне және ортақ жауапкершілікке негізделген жасампаз көпполярлы жүйені қолдайды. Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Делидегі саммит нақты ынтымақтастық пен бірлескен прогресс арқылы осы көзқарасты ілгерілетуге ықпал етеріне сенім білдірді.

