Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында «Shymkent Qagazy» ЖШС-нің макулатураны қайта өңдеу және картон қаптама өндіру зауытының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жоба қолданыстағы кәсіпорынды кеңейту аясында жүзеге асырылып, қаланың қайта өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған.
Жобаның жалпы инвестиция көлемі 2,5 млрд теңгені құрайды. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмысы толық аяқталып, заманауи технологиялық жабдықтар орнатылды, өндірістік желілер іске қосылды.
Айта кету қажет, жобаның негізгі мақсаты – Қазақстанның оңтүстік өңірлерін отандық өндірістің сапалы картон қаптама өнімдерімен қамтамасыз ету. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 10 мың тонна өнім шығаруға мүмкіндік береді және 50 тұрақты жұмыс орны ашылады.
Кәсіпорынның аясын кеңейту аясында өндірістік инфрақұрылым жаңартылып, қайталама шикізатты өңдеудің заманауи технологиялары енгізілді.
Жобаны іске асыру қағаз қалдығын қайта өңдеу көлемін арттыруға, ресурстарды тиімді пайдалануға және өнеркәсіп дамуының экологиялық құрамдас бөлігін нығайтуға мүмкіндік береді.

