Түркістан қаласының халықаралық іскерлік байланыстарын кеңейту жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға және жергілікті кәсіпкерліктің мүмкіндіктерін арттыруға бағытталуда. Осы тұрғыдан Қытайдың Хубэй провинциясымен қалыптасқан серіктестікті қалалық деңгейде дамытуға ерекше назар аударылып отыр.
Қытайға жұмыс сапары барысында Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы Хубэй провинциясы мен Түркістан облысы арасындағы өзара іс-қимылға жауапты қауымдастық төрағасы Хуан Лисяомен кездесті. Қауымдастық құрамына Қытайдың 10 мыңнан астам өндірістік компаниясы кіреді.
Бұл Түркістан үшін әлеуетті инвесторлармен және өндірістік кәсіпорындармен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Кездесуде қалыптасқан ынтымақтастықты қалалар деңгейінде жалғастыру, іскерлік және инвестициялық байланысты кеңейту және нақты бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері қарастырылды.
Түркістан мен Қытай өңірлері арасындағы байланыс бұған дейін де жүйелі түрде дамып келген. 2025 жылғы маусымда «Қытай – Орталық Азия» екінші саммиті аясында Түркістан облысы мен Хубэй провинциясы арасында достық қатынастар орнату туралы келісімге қол қойылған. Биыл ынтымақтастық Түркістан мен Ухань қалалары арасында бауырластық және достық қатынастар орнату туралы меморандуммен жалғасты.
Ендігі маңызды міндет – қалыптасқан байланысты нақты экономикалық жобаларға айналдыру. Түркістан делегациясының Уханьға сапары кезінде бірқатар жетекші компаниялармен кездесулер өткізіліп, сауда және логистика, туризм, экология, қалдықтарды басқару, мәдени индустрия және спорт бағыттарындағы мүмкіндіктер қарастырылды.
Бұл салалардың әрқайсысы жергілікті кәсіпкерлер үшін жаңа іскерлік байланыстар қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мәселен, сауда және логистика саласындағы ынтымақтастық Түркістанда өндірілетін тауарларды жаңа нарықтарға жеткізу тетіктерін дамытуға ықпал ете алады. Ал заманауи өндірістік технологияларды енгізу жергілікті кәсіпорындардың тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін маңызды.
Халықаралық серіктестіктің тағы бір бағыты – инвестиция тарту. Шетелдік компания үшін жаңа өңірге инвестиция салғанда инженерлік инфрақұрылымның қолжетімділігі, жер телімдері, логистикалық мүмкіндік, кадрлар және жергілікті нарықтың әлеуеті маңызды рөл атқарады. Сондықтан халықаралық кездесулер барысында тек жобаларды таныстыру емес, оларды жүзеге асыру үшін қажетті жағдайларды нақтылау да маңызды.
Жаңа инвестициялық жобалар Түркістандағы шағын және орта бизнеске де қосымша мүмкіндік қалыптастыра алады. Ірі өндіріс іске қосылған жағдайда оған құрылыс, тасымалдау, қаптама, техникалық қызмет көрсету, жөндеу, қоймалау және басқа да тауарлар мен қызметтер қажет болады. Бұл жергілікті кәсіпкерлер үшін жаңа тапсырыстардың пайда болуына жағдай жасайды.
Осы арқылы халықаралық инвестиция мен жергілікті кәсіпкерлік арасында өндірістік кооперация қалыптасуы мүмкін. Егер жаңа кәсіпорындар қажетті өнімдер мен қызметтердің бір бөлігін қазақстандық жеткізушілерден сатып алса, бұл қазақстандық қамту үлесін арттыруға және ішкі нарықтағы іскерлік байланысты нығайтуға ықпал етеді.
Хубэй провинциясымен тәжірибе алмасу да маңызды бағыттардың бірі. Қытайлық компаниялардың өндіріс, логистика, экология және қалдықтарды басқару салаларындағы технологиялық тәжірибесін Түркістандағы жобаларға бейімдеу жаңа кәсіпкерлік бағыттардың қалыптасуына мүмкіндік бере алады.
Сонымен қатар қалалар арасындағы тікелей байланыс Түркістан кәсіпкерлерінің шетелдік серіктестермен жұмыс істеу мүмкіндігін кеңейтеді. Мұндай байланыстар бірлескен өндіріс ашу, технология тарту, өнім өткізу немесе жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін іскерлік алаң қалыптастырады.
Осы тұрғыдан Түркістан мен Хубэй арасындағы ынтымақтастықты нақты инвестициялық жобалармен толықтыру, жергілікті кәсіпкерлерді халықаралық өндірістік байланыстарға тарту және заманауи технологияларды енгізу қаланың кәсіпкерлік және өндірістік әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретін маңызды бағыттардың бірі болып табылады.
Түркістан мен Хубэй арасындағы ынтымақтастық жаңа инвестициялық және кәсіпкерлік жобаларға жол ашады


