Астанада тәулігіне 1000 пациент қабылдайтын заманауи медициналық кешен ашу жоспарлануда

Астанада тәулігіне 1000 пациент қабылдайтын заманауи медициналық кешен ашу жоспарлануда
Астанада №2 көпбейінді қалалық аурухананың базасында заманауи қабылдау-диагностикалық кешенінің құрылысы қазан айында аяқталады. Тәулігіне 850-1000 пациентке дейін қабылдауға есептелген жаңа нысан Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде жергілікті бюджет қаражатының есебінен салынуда, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.

Жалпы аумағы 7 мың шаршы метрден асатын бес қабатты кешенде заманауи диагностикалық қызметтер, операциялық блоктар, травматология бөлімшелері және инсульт орталығы біріктіріледі. Барлығы 118 төсек қарастырылған, оның ішінде 18-і реанимациялық төсек. 

Жаңа кешеннің басты ерекшелігі – шұғыл медициналық көмекті пациенттің бірыңғай маршруты қағидаты бойынша көрсету мүмкіндігі. Яғни пациентті қабылдау мен диагностикадан бастап операция жасауға және одан кейінгі емдеуге дейінгі барлық кезең бір жүйеге біріктіріледі. Акушерлік бейіндегі пациенттер, жалпы пациенттер ағыны және травматологиялық пунктке келушілер үшін жеке кіреберістер көзделген. 

Кешен базасында елорданың сол жағалауында тұратын ересек тұрғындарға арналған травматологиялық пункт те жұмыс істейтін болады. Ол тәулігіне 100-120 өтініш қабылдауға есептелген. 

Диагностика мен емдеу үшін компьютерлік томограф, қуаты 3 Тесла болатын МРТ аппараты, ангиограф, рентген қондырғылары және ультрадыбыстық зерттеу аппараттарын қоса алғанда, заманауи медициналық жабдықтар сатып алынды. Жаңа операциялық блоктар күрделі хирургиялық араласуларды, оның ішінде ауыр жарақаттар мен қан тамырлары аурулары кезінде операциялар жүргізуге мүмкіндік береді. 

Инсульт алған және ауыр жарақаттары бар пациенттерге медициналық көмек көрсетуге ерекше көңіл бөлінген. Осы бағыттардың әрқайсысы үшін 40 төсектен тұратын мамандандырылған бөлімшелер көзделген.

Ауруханада бірыңғай цифрлық мониторинг жүйесі де енгізілуде. Ол дәрігерлерге операциялық және реанимациялық бөлімшелердегі пациенттердің жағдайын орталықтандырылған түрде бақылауға мүмкіндік береді. 

Жаңа кешенде 150 жұмыс орны көзделген, оның 50-і жаңадан құрылатын жұмыс орындары. 

Қабылдау-диагностикалық кешеннің ашылуы елорданың медициналық инфрақұрылымын дамытудағы маңызды кезең болып, тұрғындардың заманауи шұғыл медициналық көмекке қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ