Қазақстандық астық өнімдерінің сыртқы нарықтардағы ауқымы кеңейіп келеді. Экспорттық жеткізілімдер Орталық Азия, Таяу Шығыс, Солтүстік Африка және Еуропа елдеріне жүзеге асырылады.
Биыл да экспорт қарқынды дамуда. «ҚТЖ» ҰК» акционерлік қоғамының мәліметінше, 2026 жылғы қыркүйектің алғашқы 20 күнінде 852 мың тонна астық тасымалданды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7%-ға артық.
Астық экспорты 10%-ға өсіп, 674 мың тоннаға жетті. Өсім негізгі экспорттық бағыттарға жеткізілім көлемінің артуы есебінен қамтамасыз етілді.
Атап айтқанда, Өзбекстанға 319 мың тонна астық экспортталды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 20%-ға жоғары. Тәжікстанға 116 мың тонна астық жеткізіліп, өсім 21%-ды құрады. Қытайға экспортталған астық көлемі 101 мың тоннаға жетіп, 2,5 есеге артты.
Сонымен қатар астықты қайта өңдеу өнімдерінің экспорты да өсіп келеді. Қыркүйектің алғашқы 20 күнінде ұн тарту өнімдерін тасымалдау көлемі 134 мың тоннаны құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 24%-ға артты.
Экспорттық жеткізілімдер көлемінің өсуі қазақстандық өнімдердің халықаралық нарықтардағы ауқымының кеңейіп келе жатқанын көрсетеді. Бұл ретте астықпен қатар оны қайта өңдеу өнімдерінің де экспорт көлемі артып отыр.


