Шымкентте өнеркәсіптік әлеуеттің артуымен бірге кәсіпорындардың қоршаған ортаға әсерін бақылау мәселесі де өзекті болып отыр. Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен кеңесте мегаполистегі экологиялық жағдай, атмосфералық ауаның сапасы және өндірістік кәсіпорындардың экологиялық талаптарды сақтауы талқыланды.
Қазіргі таңда Шымкентте қоршаған ортаға әсер ету деңгейі бойынша I санатқа жататын 43 кәсіпорын жұмыс істейді. Сонымен қатар II санатта – 146, III санатта – 477, IV санатта 368 кәсіпорын бар. Өндіріс көлемінің артуы мен жаңа индустриялық аймақтардың дамуы экологиялық бақылаудың маңызын күшейтіп отыр.
2023-2026 жылдар аралығында стационарлық көздерден атмосфераға шығарылатын қалдықтар көлемі 31,6 мың тоннадан 47,08 мың тоннаға дейін артқан. Бұл өзгеріске өнеркәсіптің дамуы, жаңа өндірістік алаңдардың пайда болуы және көлік санының көбеюі әсер етуде.
Экологиялық талаптарды сақтау кәсіпорындардың тұрақты қызметінің маңызды шартына айналып келеді. Биыл Экология департаменті өнеркәсіптік нысандарда 37 тексеру жүргізіп, 37 нұсқама берген және 64 әкімшілік іс қозғаған. Айыппұлдардың жалпы сомасы 505,9 млн теңгені құрап, оның 281,1 млн теңгесі мемлекет кірісіне өндірілген. Жекелеген заң бұзушылықтар бойынша кәсіпорындардың қызметін уақытша тоқтату туралы сот шешімдері де қабылданған.
Қаладағы өндірістік аумақтарға жақын орналасқан елді мекендердегі ауа сапасына ерекше назар аударылуда. «Оңтүстік» және «Ордабасы» индустриялық аймақтарына іргелес аумақтарда жүргізілген өлшеулер барысында жекелеген ластаушы заттардың белгіленген нормативтерден асу фактілері анықталған.
Осыған байланысты мониторинг жүйесін кеңейту жоспарланып отыр. Қазір ауа сапасын «Қазгидрометтің» алты бақылау бекеті қадағалайды. Алдағы уақытта олардың санын 15-20-ға дейін жеткізу ұсынылды. Жаңа бақылау нүктелерін халық тығыз орналасқан және экологиялық тәуекелі жоғары аумақтарда орналастыру көзделуде.
Сонымен бірге қаладағы төрт ірі кәсіпорында экологиялық көрсеткіштерді онлайн режимде бақылайтын автоматтандырылған мониторинг жүйесі жұмыс істейді. Мұндай технологияларды кеңінен енгізу кәсіпорындардың қоршаған ортаға әсерін жедел бақылауға мүмкіндік береді.
Өнеркәсіптің дамуы Шымкент экономикасына инвестиция, өндіріс және жаңа жұмыс орындарын әкеледі. Алайда өндірістік өсім экологиялық талаптарды сақтаумен қатар жүруі тиіс. Сондықтан кәсіпорындарға бақылауды күшейту, заманауи мониторинг жүйелерін енгізу және экологиялық тәуекелдерді төмендету қаланың ұзақ мерзімді әрі тұрақты экономикалық дамуының маңызды шарттарының бірі болып отыр.
Шымкентте өнеркәсіптің дамуы экологиялық бақылауды күшейтуді талап етеді


