Еуразияның бірыңғай көлік жүйесін дамыту және транзитті 100 млн тоннаға дейін ұлғайту: Астанада халықаралық көлік ынтымақтастығының басымдықтары талқыланды

Еуразияның бірыңғай көлік жүйесін дамыту және транзитті 100 млн тоннаға дейін ұлғайту: Астанада халықаралық көлік ынтымақтастығының басымдықтары талқыланды

Астанада Қазақстанның көлік апталығы аясында көлік-логистика саласының әлеуетін ашу мәселелері талқыланды. Онда теміржол, автомобиль, теңіз және авиациялық көлікті дамытуға, цифрлық шешімдерді енгізуге, халықаралық жүк тасымалдарының тиімділігін арттыруға және салалық кадрларды даярлауға назар аударылды. Шығыс – Батыс, Солтүстік – Оңтүстік маршруттарында және Транскаспий халықаралық көлік бағытында мемлекеттердің өзара іс-қимылын нығайту шаралары қаралды, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.

Бір алаңға 40-қа жуық елдің салалық сарапшылары жиналды. Форумға Әзербайжан, Армения, Ауғанстан, Беларусь, Грузия, Иран, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан және Чехия мемлекеттерінен көлік ведомстволары басшылығы, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың, ірі көлік-логистикалық кәсіпорындар мен дипломатиялық корпустың өкілдері қатысты.

2026 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша көлік саласының өсуі 7,2%-ды құрады. Сала көшбасшылар қатарына кіреді. Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша инфрақұрылымдық инвестицияларды сауда рәсімдерін жеңілдетумен және шекарадағы кідірістерді қысқартумен ұштастыру елдердің ЖІӨ-ін шамамен 15%-ға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов көлік-логистика саласының ЖІӨ құрылымындағы маңыздылығын және мемлекеттің оның ел экономикасындағы үлесін ұлғайтуға ниетті екенін атап өтті.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің көлік-логистика әлеуетін дамытуды стратегиялық басымдықтардың бірі ретінде айқындады. Заманауи көлік инфрақұрылымы халықаралық сауданы кеңейтуге, инвестициялар тартуға, жаңа өндірістер құруға және мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуға ықпал етеді», – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Қазақстан көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі ауқымды бағдарламаны жүзеге асыруда. Кейінгі 7 жылда 36,3 мың шақырым автомобиль жолы салынып, жөнделсе, 5 жыл ішінде 5 мың шақырым теміржол салынып, жаңғыртылды. Шекара маңындағы, теңіз және әуежай инфрақұрылымы дамып келеді. Авиациялық қауіпсіздік деңгейі 95,7%-ға жеткізілді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан арқылы өтетін транзиттік тасымал көлемі 18%-ға ұлғайып, 39,1 млн тоннаға жетті. Көлік министрлігінің мәліметінше, 2035 жылы теңіз порттарының өткізу қабілетін 4 есе, флот қуатын 5 есе арттырып, транзиттік тасымал көлемін жылына 100 млн тоннаға жеткізу жоспарлануда.

Премьер-министр қатысушылардың назарын халықаралық логистиканы ұйымдастыру тәсілдерін жетілдіру және Шығыс – Батыс, Солтүстік – Оңтүстік көлік дәліздерінің, Транскаспий бағыты мен болашағы зор Трансауған дәлізінің өзара байланысын нығайту перспективаларына аударды. Мемлекеттердің бірлескен жұмысының маңызды бағыттары – инфрақұрылымды дамыту, логистиканы цифрландыру және тұтас транзитті қамтамасыз ету. Басымдықтардың қатарында инфрақұрылымдық шектеулер мен әкімшілік кедергілерді жою, «жасыл дәліздерді» және «бір терезе» қағидатын енгізу бар, бұл трансшекаралық тасымалдауды жеңілдетуге, жүктерді жеткізу мерзімдері мен құнын қысқартуға мүмкіндік береді. Бірлескен инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға көшудің маңыздылығы атап өтілді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Астанада Қазақстанның көлік апталығы аясында көлік-логистика саласының әлеуетін ашу мәселелері талқыланды. Онда теміржол, автомобиль, теңіз және...