Астанада 23 мыңнан астам зейнеткер Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына барады

Астанада 23 мыңнан астам зейнеткер Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына барады

Астанада 23 мыңнан астам зейнеткер Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына тіркелген. Мұнда аға буын өкілдерінің денсаулығын нығайтуына, жаңа білім алып, шығармашылықпен айналысуына және бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасалған. Орталықтың алты аудандық бөлімшесіне күн сайын 2,5 мыңнан астам адам келеді, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Орталықтың негізгі мақсаты қарт адамдардың белсенді өмір сүруіне қолдау көрсету, өмір сапасын жақсарту, қоғаммен араласып, өз қабілетін дамытуына мүмкіндік жасау.

Қазір орталықта 20 бағыт бойынша тұрақты үйірмелер мен секциялар жұмыс істейді. Сонымен қатар қызығушылықтарына қарай 30-дан астам клуб бар. Зейнеткерлердің барлығы бұл сабақтарға тегін қатыса алады.

2026 жылдың басынан бері орталыққа тағы 4 367 зейнеткер тіркеліп, қызмет ала бастаған. Тіркелген азаматтардың 13 367-сі – 70 жасқа дейінгі, 8 719-ы – 70 пен 80 жас аралығындағы адамдар. Ал 80 жастан асқан зейнеткерлер саны – 975.

Орталықта егде жастағы азаматтардың денсаулығын нығайтуға және эмоционалдық жағдайын жақсартуға айрықша мән беріледі. Осы мақсатта спорттық-сауықтыру сабақтары ұйымдастырылған. Сондай-ақ эмоциялық күйзелістен арылуға арналған сенсорлық бөлме, физиотерапия және релаксация кабинеттері бар. Зейнеткерлер цигун, кунг-фу, би, волейбол және үстел теннисімен де айналыса алады.

Жаңа білім мен дағды үйренгісі келетіндерге компьютерлік сауаттылық және шет тілдері курстары ұсынылады. Бұдан бөлек, құқықтық және қаржылық сауаттылықты арттыруға арналған сабақтар да өткізіледі. Бұл аға буын өкілдеріне заманауи технологияларды сенімді пайдалануға және күнделікті өмірде кездесетін мәселелерді шешуге көмектеседі.

Шығармашылықпен айналысуға да мол мүмкіндік қарастырылған. Зейнеткерлер кітап оқу, поэзия, хор және вокал клубтарына қатыса алады. Домбыра мен гитарада ойнауды үйреніп, домбырашылар оркестріне қосылуға, сондай-ақ қолөнер, кілем тоқу, тігін тігу және басқа да шығармашылық бағыттарды меңгеруге болады.

Орталықта «Зияткерлік ойындар», «Күміс волонтерлер», «Тіл шаңырағы», «Әжелер 80+», «Киім үлгілерін көрсету» және басқа да клубтар жұмыс істейді. Мұндай бірлестіктер егде жастағы адамдарға пікірлес жандарды табуға, қабілеттерін дамытуға және қоғамдық өмірге белсенді араласуға мүмкіндік береді.

Аудандық бөлімшелерге келушілердің арасында зейнет жасындағы әйелдер белсенділігімен ерекшеленеді. Әсіресе, шығармашылық және қолданбалы сабақтарға сұраныс жоғары. Мәселен, еңбек терапиясына 746 адам, тігін тігудің негіздерін үйренуге 162 адам, арт-терапияға 304 адам қатысқан.

Орталықтың жұмысы тек бос уақытты ұйымдастырумен шектелмейді. Мұнда егде жастағы адамдардың өзара араласуына, қоғамдағы белсенділігін сақтап, жаңа дағдыларды меңгеруіне де жағдай жасалған. Үйірмелер мен клубтарға қатысу олардың қоғамдық өмірден қол үзбей, жаңа қызығушылықтар тауып, уақытын пайдалы өткізуіне көмектеседі.

Қазір Астананың алты ауданында Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының бөлімшелері жұмыс істейді.

Орталық елордалық зейнеткерлерді үйірмелерге, спорттық-сауықтыру секцияларына, білім беру курстарына тегін қатысуға шақырады. Әр адам өз қызығушылығы мен мүмкіндігіне қарай қалаған бағытын таңдай алады.

Белсенді ұзақ өмір сүру жас ерекшелігіне қарамастан білімін жетілдіруге, өзін-өзі дамытуға, қоғаммен байланыс орнатуға және өмірін мазмұнды өткізуіне мүмкіндік береді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Түркия, Анкара қаласы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің басшыларымен бірге астаналық «Бештепе» саябағындағы Түркі әлемі...

Премьер-министр Үкімет отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына...