Премьер-министр Үкімет отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру бойынша жұмысты тиімді ұйымдастыруды тапсырды. Олжас Бектенов халықты әлеуметтік қолдауды жетілдіру, денсаулық сақтау саласын жаңғырту, инклюзивті білім беруді дамыту және педагогтер мәртебесін арттыру жөнінде бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.
«Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі жұмысымыздың басты мақсаты – азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру және еліміздің орнықты дамуын қамтамасыз ету», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 110 мың теңгеге дейін арттыруды қамтамасыз етуі тиіс.
Халықты әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіндегі жаңа тәсілдер шын мұқтаж жандарға көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Еңбек министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және екінші деңгейлі банктермен бірлесіп, 1 желтоқсанға дейін отбасылардың нақты жағдайын барынша есепке алу үшін цифрлық жүйелерді интеграциялауды қамтамасыз ету тапсырылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мемлекеттік қолдау шараларын пилоттық режимде кезең-кезеңімен жүзеге асыру қажет. Еңбек министрлігіне Отбасының әл-ауқатын бағалау әдістемесін енгізу жөніндегі нормативтік құқықтық актілердің жедел қабылдануын қамтамасыз ету тапсырылды. Барлық деңгейдегі әкімдерге халық арасында әлеуметтік саясаттың жаңа тәсілдерін енгізу бойынша жүйелі ақпараттық-түсіндіру жұмысын жалғастыруы тиіс.
Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға назар аударылды. Денсаулық сақтау министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп 70 денсаулық сақтау нысанын, оның ішінде 8 перинаталдық орталық пен 9 көпбейінді балалар ауруханасын уақтылы салуды және пайдалануға беруді қамтамасыз ету тапсырылды.
Балаларды жан-жақты медициналық-оңалту көмегімен қамтамасыз ету үшін Ұлттық балаларды оңалту орталығының жаңа үлгілік өңіраралық филиалдарын салу мәселесін пысықтау тапсырылды. Сонымен қатар аурулардың алдын алуға және ерте анықтауға баса назар аудара отырып, медициналық көмектің тиімділігін арттыру міндеті қойылды. Осы мақсатта клиникалық шешімдер қабылдауға, диагностикалық зерттеулерді дербес тағайындауды қоса алғанда, жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттіктерін кеңейту көзделген.
Учаскелік қызметтің медицина қызметкерлеріне еңбекақы төлеуді арттыруға қатысты жеке тапсырма берілді. Денсаулық сақтау және Қаржы министрліктері үшжылдық бюджет жобасында келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап учаскелік дәрігерлер мен медициналық персоналдың жалақысын 40%-ға дейін көтеруге арналған шығыстарды көздеу қажет.
Білім беру саласында ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін қолжетімді инфрақұрылым құру басым бағыттардың бірі ретінде айқындалды. Оқу-ағарту, Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері өңір әкімдерімен бірлесіп, оңалту және сауықтыру кабинеттері бар жаңа форматтағы 20 инклюзивті мектеп-кешен салу жобаларын Инфрақұрылымды дамыту қорының тізбесіне енгізуі тиіс.
Сонымен қатар Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім, Денсаулық сақтау министрліктеріне «Қазақстан халқына» қорымен бірлесіп, бейінді мамандардың тапшылығын азайту және ерекше қажеттіліктері бар балаларды ерте диагностикалау тиімділігін арттыру жөнінде жүйелі шаралар әзірлеу тапсырылды.
Тапсырмалардың жеке бір бөлігі мұғалімдерге түсетін әкімшілік жүктемені азайтуға және олардың кәсіби беделін қорғауға бағытталған. Оқу-ағарту министрлігі өңір әкімдерімен бірлесіп, әртүрлі платформалардағы ақпараттың қайталануын жою және есептер санын қысқарту мақсатында педагогтердің есептілігіне ревизия жүргізеді. Сондай-ақ 10 желтоқсанға дейін педагогтердің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауды күшейту жөнінде ұсыныстар енгізуі қажет.


