Қазақстандық экспорттаушылар тауарлардың тағы 15 түріне Ресейдің таңбалау кодтарын ала алады

Қазақстандық экспорттаушылар тауарлардың тағы 15 түріне Ресейдің таңбалау кодтарын ала алады

Қазақстанда тауарлардың тағы 15 түріне Ресейдің таңбалау кодтарына тапсырыс беруге арналған модуль іске қосылды. Енді отандық өндірушілер мен экспорттаушылар, сондай-ақ маркетплейстерде сауда жасайтын кәсіпкерлер Ресей нарығына тауар жеткізу үшін қажетті таңбалау кодтарын Tañba бірыңғай операторы арқылы ала алады, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.

Жаңа жүйе тауарлардың мынадай топтарын қамтиды: парфюмерия өнімдері, шиналар мен доңғалақ қаптамалары, фотоаппараттар мен фотожарқыл құрылғылары, косметика және тұрмыстық химия өнімдері, балалар ойындары мен ойыншықтары, қапталған ауызсу, жануарларға арналған жем, бекіре және албырт балықтарының уылдырығы, велосипедтер мен олардың жақтаулары, құрылыс материалдарының жекелеген түрлері, антисептиктер мен дезинфекциялау құралдары, тәттілер мен кондитерлік өнімдер, спорттық тағамдар, консервілер және өсімдік майлары.

Модульдің іске қосылуы Қазақстан мен Ресейде тауарларды міндетті таңбалауды енгізу мерзімдерінің әртүрлі болуына байланысты туындайтын қиындықтарды азайтуға бағытталған. Мәселен, Ресейде белгілі бір тауарды таңбалау міндетті болып, ал Қазақстанда мұндай талап әлі енгізілмеген жағдайда, кәсіпкер өнімін Ресей нарығына шығару үшін ресейлік таңбалау кодын алуы қажет. Бұл талап маркетплейстер арқылы сатылатын тауарларға да қатысты. Енді кәсіпкерлер қажетті кодтарға Tañba жүйесі арқылы тапсырыс бере алады. Криптографиялық қорғанысы бар кодтарды Ресейдің «Оператор-ЦРПТ» ЖШҚ қалыптастырады, ал қазақстандық оператор оларды рәсімдеу мен алуды қамтамасыз етеді. Екі елдің ұлттық жүйелері арасындағы деректер алмасу қорғалған байланыс арналары арқылы жүзеге асырылады.

«Жаңа тетік кәсіпкерлерге делдалдардың көмегінсіз Tañba жүйесі арқылы Ресейдің таңбалауға қатысты талаптарын орындауға мүмкіндік береді. Біз үшін екі елде таңбалауды енгізу мерзімдерінің әртүрлі болуы отандық бизнеске қосымша кедергі келтірмеуі маңызды», - деді Цифрлық трансформация және тауарларды таңбалау департаменті директорының орынбасары Ә.Өтеғалиев.

Кәсіпкерлер алынған кодтарды Ресейге жеткізілетін тауарларға орналастырады. Осылайша, олар өз еліндегі оператор арқылы таңбалау кодтарына тапсырыс беріп, Ресейдің қолданыстағы талаптарын орындай алады.

Аталған тетік Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің ұлттық таңбалау жүйелерінің өзара іс-қимыл тәртібін айқындайтын Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2021 жылғы 5 наурыздағы №19 шешіміне сәйкес іске асырылды.

Айта кетейік, жеңіл өнеркәсіп тауарлары бойынша осындай тетік Қазақстан мен Ресей арасында 2024 жылдан бері жұмыс істейді. Енді оған тауарлардың тағы 15 тобының қосылуы қазақстандық кәсіпкерлердің мүмкіндіктерін кеңейтіп, өнімдерін Ресей нарығына жеткізуге дайындау процесін жеңілдетеді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Қарағанды қаласындағы Орталық саябақта орналасқан «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында» зейнеткерлермен кездесу өтті.   Жиынға «Әділет» партиясының Қарағанды облыстық...

Президент жолдауын іске асырудың нәтижесі қазақстандықтардың күнделікті өмірінен көрініс табуы тиіс. Бұл – жолдың сапасы, білім беру мен медициналық қызметтің...