Экономикалық өсімнен бастап азаматтардың құқығын қорғауға дейін: Алматыда президент жолдауының іске асырылуы талқыланды

Экономикалық өсімнен бастап азаматтардың құқығын қорғауға дейін: Алматыда президент жолдауының іске асырылуы талқыланды

Президент жолдауын іске асырудың нәтижесі қазақстандықтардың күнделікті өмірінен көрініс табуы тиіс. Бұл – жолдың сапасы, білім беру мен медициналық қызметтің қолжетімділігі, халық табысының өсуі, азаматтардың құқығын қорғау мен замандық технологияларды енгізу. Мемлекет басшысы алға қойған міндетті қалай жүзеге асыруға болады және реформаларды табысты жүргізу үшін не қажет? Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңіндегі өзекті міндеттер» атты жолдауының негізгі басымдықтарына арналған брифингте осы мәселе талқыланды.

Талқылауға ғылыми және сарапшылық қауымдастық өкілдері қатысып, ел дамуының негізгі бағыттарын экономика, құқық, мемлекеттік басқару, білім беру және қоғамдық құндылықтар тұрғысынан қарастырды.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің гуманитарлық ғылымдар кафедрасының аға оқытушысы Талғат Жанысбайдың пікірінше, биылғы жолдау ауқымды саяси өзгеріс кезеңінен экономикалық және әлеуметтік міндеттерді іс жүзінде шешу кезеңіне көшуді айқындайды.

Сарапшы маңызды бағыттардың бірі ретінде инженерлік желілерді жаңғыртуды, жол, мектеп пен медициналық мекеме салуды көздейтін «Халықтық құрылыс» жалпыұлттық бағдарламасын атады. Мұндай жобалар инфрақұрылымды жақсартып қана қоймай, қосымша жұмыс орнын ашып, кәсіпкерлікті қолдап, өңірлердің дамуына серпін беруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар энергетикалық қауіпсіздік, технологияларды енгізу және халықтың нақты табысын арттыру мәселелері де ерекше маңызға ие.

«Халық реформалардың нәтижесін тек салынған нысандардың санымен ғана емес, табыстың өсуі, сапалы жолдар, қолжетімді медицина мен білім беру, сондай-ақ ертеңгі күнге деген сенімділік арқылы сезінуі керек. Жолдаудың жүзеге асырылу тиімділігі дәл осы көрсеткіштер бойынша бағаланатын болады», – деп атап өтті Талғат Жанысбай.

Қазақстанның Халық дипломатиясы орталығының вице-президенті, Қазақстан Азаматтық альянсы президентінің кеңесшісі Виталий Колточник экономикалық өзгерістердің әлеуметтік қырына назар аударды. Оның айтуынша, елдің одан әрі дамуы мемлекеттік қолдауды әділ бөлумен және азаматтардың өз бетінше табыс табу мүмкіндігін кеңейтумен қатар жүруі тиіс.

Бұл үдерісте цифрландыру маңызды рөл атқарады. Отбасының цифрлық картасын пайдалану азаматтардың мұқтаждық деңгейін дәлірек анықтауға мүмкіндік берсе, жасанды интеллект технологиялары инфрақұрылым мен мемлекеттік ресурсты басқарудың тиімділігін арттыра алады.

Колточник тағы бір маңызды бағыт ретінде «Таза Қазақстан» бастамасын атады. Оның пікірінше, бұл бастама экологиялық бағдарлама ғана болып қалмай, қоғамдық сананы өзгертуге негіз болуы тиіс.

«Нағыз тазалық ой-санадан басталады. Егер адамдардың санасында, басқару кабинеттерінде ескі әдет сақталса, озық технологиялық экономиканы құру мүмкін емес. Жаңа кезеңде „Таза Қазақстан“ мемлекеттік және қоғамдық өмірдің барлық саласын ауқымды түрде жаңартуды білдіреді», – деді Виталий Колточник.

Азаматтардың құқығын қорғау мен заңнаманы жетілдіру мәселесіне әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетінің аға оқытушысы Қанат Әлихан да тоқталды. Оның пікірінше, цифрлық экономика мен кәсіпкерлікті дамыту құқықтық тетіктерді жаңартуды талап етеді. Бұл ретте Азаматтық кодексті жетілдіруге, меншік құқығын қорғауға, шарттық міндеттеменің орындалуы мен онлайн мәміле жасар кезде азаматтардың құқығын қамтамасыз етуге ерекше назар аудару қажет.

Сонымен бірге заңнамалық өзгерістер халыққа түсінікті болып, азаматтардың өз мүддесін қорғауға нақты мүмкіндігі болуы керек.

«Құқықтық реформаның басты нәтижесі – адамның өз құқығын іс жүзінде қорғай алуы, мемлекеттік шешімге қатысты әділ бағаға қол жеткізуі және анықталған заңбұзушылықтың жойылуын талап ете алуы», – деді Қанат Әлихан.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, саяси ғылымдар докторы Жомарт Сімтіков жолдауды іске асырудағы саяси институттар мен азаматтық қоғамның рөліне тоқталды.

Оның айтуынша, мемлекеттік бастамаларды жүзеге асыру Парламенттің, Үкіметтің, жергілікті атқарушы органдар мен қоғамдық ұйымдардың үйлесімді жұмысын талап етеді. Сонымен қатар азаматтардың қатысуы қабылданған шешімді талқылаумен ғана шектелмеуі керек. Адамдардың өз бастамасын ұсынып, мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесін бағалауына жағдай жасау қажет.

Профессор бұл үдерістерде жастарға ерекше рөл жүктейді. Оның пікірінше, жолдаудың негізгі бағыттарын түсіндіру жұмыстары жоғары оқу орындарындағы кездесулер, ашық пікірталастар, әлеуметтік желілер мен жастар жобалары арқылы қолжетімді форматта жүргізілуі тиіс.

«Жастар өздерін қоғамдық өзгерістердің сырттай бақылаушысы емес, белсенді қатысушысы ретінде сезінуі керек. Жас буын мемлекеттік бастамалармен танысып қана қоймай, өз шешімдерін ұсынып, қоғамдық жобаларға және маңызды мәселелерді талқылауға қатыса алатындай жағдай жасау қажет», – деді Жомарт Сімтіков.

Жас ұрпақ тақырыбын жалғастыра отырып, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Алуа Ибраева ел болашағындағы білім беру мен тәрбиенің ерекше рөлін атап өтті. Оның айтуынша, мамандар даярлау сапасын арттырмай, педагогтерді қолдамай және жастардың бойында заңға құрмет, еңбекқорлық пен азаматтық жауапкершілік қасиеттерін қалыптастырмай, Қазақстанның дамуы мүмкін емес.

Сарапшы білім беру саласына жасанды интеллектіні енгізу мәселесіне де ерекше назар аударды. Замандық технологиялар оқыту үдерісінің тиімділігін арттырып, ғылыми зерттеудің мүмкіндігін кеңейтіп, оқушылардың қабілеттерін ашуға көмектесе алады. Алайда бұл ретте педагогтің жетекші рөлін сақтау қажет.

«Жасанды интеллект оқытушының көмекшісіне, ғылымды, білім беруді және жастардың шығармашылық әлеуетін дамыту құралына айналуы тиіс. Дегенмен ешбір технология педагогтің оқушымен тікелей қарым-қатынасын, оның беделі мен тәрбиелік ықпалын алмастыра алмайды», – деді Алуа Ибраева.

Профессор сондай-ақ «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыру құқықтық мәдениетті отбасында, мектепте және университетте тәрбиелеуден басталатынын айтты. Дәл осы ортада өзге адамдардың құқығын құрметтеу, адалдық пен қоғам алдындағы жауапкершілік қалыптасады.

Талқылауды қорытындылай келе, сарапшылар жолдаудың табысты жүзеге асырылуы мемлекеттік шешімдер мен бөлінген қаржыға ғана емес, басқару сапасына, мемлекеттік институттардың ашықтығы мен қоғамның белсенді қатысуына да байланысты деген ортақ пікірге келді.

Реформалардың тиімділігін бағалаудың басты өлшемі – қазақстандықтар күнделікті өмірінде сезіне алатын нақты өзгеріс болуы тиіс.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Қарағанды қаласындағы Орталық саябақта орналасқан «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында» зейнеткерлермен кездесу өтті.   Жиынға «Әділет» партиясының Қарағанды облыстық...

Президент жолдауын іске асырудың нәтижесі қазақстандықтардың күнделікті өмірінен көрініс табуы тиіс. Бұл – жолдың сапасы, білім беру мен медициналық қызметтің...