Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ және Core Element AI, Inc. геологиялық барлауда жасанды интеллектіні қолдану жөніндегі пилоттық жобаларды іске асыру үшін өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Ынтымақтастық архивтік геологиялық ақпаратты машинамен оқылатын форматқа көшіруге және одан әрі іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін перспективалы учаскелердің карталарын дайындауға бағытталған, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сілтеме жасап.
CoreElement AI - қазақстандықтар негізін қалаған, АҚШ-та жұмыс істейтін технологиялық компания. Компания архивтік есептерді өңдеуді, геофизикалық және геохимиялық деректерді талдауды және перспективалы учаскелердің карталарын жасауды біріктіретін жасанды интеллект негізіндегі платформа әзірледі.
Платформаның негізінде компанияның геологиялық деректерді талдауға арналған жасанды интеллект моделі жатыр. CoreElement AI мәліметінше, модельді оқыту кезінде АҚШ, Аустралия және Канададағы кен орындары орналасқан аумақтарда жүргізілген аэрогеофизикалық түсірілімдердің материалдары пайдаланылған. Модель зерттеу нәтижелерін салыстырып, геологтар бірінші кезекте тексеруге тиіс учаскелерді анықтайды.
Ынтымақтастық аясында екі пилоттық жоба іске асырылады. Бірінші жоба архивтік геологиялық құжаттарды тануды және олардағы мәліметтерді машинамен оқылатын форматқа көшіруді көздейді. Нәтижесінде таңдалған аумақ бойынша ақпарат іздеуді және оны басқа зерттеулердің материалдарымен салыстыруды жеделдететін құрылымдалған деректер жиынтығы қалыптастырылады.
Екінші пилоттық жоба келісілген аумақ бойынша геологиялық, геофизикалық және геохимиялық деректерді кешенді талдауға бағытталады. Оның қорытындысы бойынша перспективалы учаскелердің карталары дайындалып, одан әрі геологиялық тексеру жүргізу және іздестіру жұмыстарын жоспарлау үшін басым аумақтар айқындалады.
Пилоттық жобаларды іске асыру Президенттің 2026 жылғы 28 қазандағы Жолдауында белгіленген міндеттерді орындауға бағытталған. Олардың қатарында геологиялық барлауға озық технологияларды енгізу, геологиялық деректердің қолжетімділігін арттыру және жаңа кен орындарын іздеуге жеке капитал тарту бар. Ынтымақтастық қазақстандық мамандарды платформаның құралдарымен жұмыс істеуге оқытуды да көздейді.


