Бүгінде интернет пен цифрлық технологиялар білім алуға, жұмыс істеуге, кәсіп ашуға және мемлекеттік қызметтерді пайдалануға кең мүмкіндік береді. Алайда барлық азаматтың бұл мүмкіндіктерге қолжетімділігі бірдей емес.
Конституцияда заң мен сот алдында барлығының тең екені және кемсітушілікке жол берілмейтіні бекітілген. Осы қағидат қоғамның әрбір мүшесіне даму мүмкіндіктерін тең ұсынудың маңызын көрсетеді.
Түркістан облысында шалғай ауылдарды сапалы интернетпен қамту, мектептердегі цифрлық білім беру мүмкіндіктерін кеңейту және тұрғындардың компьютерлік сауаттылығын арттыру – өзекті міндеттердің бірі. Әсіресе, ауыл жастары мен аға буын өкілдерінің цифрлық қызметтерді еркін пайдалануына жағдай жасау қажет.
Цифрлық даму тек технологиялық жаңарумен шектелмеуі тиіс. Оның басты нәтижесі – әр азаматтың мүмкіндігін кеңейтіп, өмір сапасын жақсарту.


