Түркістан облысында энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы өңірдегі электр желілерінің өткізу қабілетін арттырып, инженерлік инфрақұрылымның тозу деңгейін төмендетуге және тұрғындарды сапалы коммуналдық қызметтермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Аталған ұлттық жоба аясында электр энергетикасы саласын дамытуға ерекше басымдық беріліп отыр. Атап айтқанда, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС тарапынан 2025–2029 жылдары жалпы құны 113,1 млрд теңгені құрайтын жаңғырту жұмыстары жоспарланған.
Жоспарға сәйкес, 782,7 шақырым электр желісі жаңғыртылып, 7 ірі қосалқы станцияның құрылысы жүргізіледі. Сонымен қатар 36 қосалқы станция мен 425 трансформаторлық жабдық қайта жаңғыртудан өтеді. Бұдан бөлек, 107,98 шақырым жаңа электр желісі салынады.
Ірі инфрақұрылымдық жобалардың қатарында Сайрам ауданындағы 220 кВ «Ақсу», Сарыағаш ауданындағы «Жібек жолы» және Отырар ауданындағы «Шәуілдір» қосалқы станцияларының құрылысы бар. Бұл нысандар өңірдің электрмен жабдықтау мүмкіндігін кеңейтіп, болашақтағы энергия тұтыну қажеттілігін өтеуге негіз болады.
Саладағы маңызды бағыттың бірі – цифрландыру. Осы мақсатта 146 қосалқы станцияға жоғары деңгейдегі 959 дана және төменгі деңгейдегі 92 913 дана автоматтандырылған есепке алу жүйесінің (АСКУЭ) есептегіш құралдарын орнату көзделген. Бұл электр энергиясын тұтынуды бақылауды жетілдіріп, есепке алу жүйесінің ашықтығы мен тиімділігін арттырады.
Сонымен қатар электрмен жабдықтау сапасын жақсарту мақсатында 2026–2027 жылдары жалпы құны 10,032 млрд теңгені құрайтын тағы бір жоба іске асырылады. Жоба аясында Түркістан және Кентау қалаларындағы 10–0,4 кВ электр желілерін жер астымен жүргізу, облыстың барлық аудандарындағы 10–0,4 кВ әуе желілерін заманауи СИП оқшауланған сымдарына ауыстыру және автоматтандырылған есепке алу жүйелерін орнату қарастырылған.
Қазіргі таңда жоба іске асыруға дайын мәртебесін алған. Мердігер ұйымды анықтау жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде облыстағы электр желілері мен қондырғыларының тозу деңгейін 57 пайыздан 52,8 пайызға дейін төмендетіп, қосымша 330 МВт электр қуатын алу жоспарланып отыр.
Айта кету керек, ұлттық жоба аясында 2025–2026 жылдары республикада алғашқылардың бірі болып Түркістан облысында жалпы құны 1,5 млрд теңгені құрайтын пилоттық жоба жүзеге асырылды. Оның шеңберінде өңірдің бірқатар аудан-қалаларында жалпы ұзындығы 89,7 шақырым болатын 0,4 кВ әуе электр желілері заманауи СИП оқшауланған сымдарын қолдану арқылы жаңғыртылды. Бұл жұмыстар электр желілерінің сенімділігін арттырып, электрмен жабдықтау кезіндегі ықтимал ақаулардың алдын алуға бағытталған.
Коммуналдық инфрақұрылым да назардан тыс қалмайды
Энергетика саласымен қатар, өңірде ауыз сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғырту жұмыстары да кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Атап айтқанда, 2025–2029 жылдары осы бағыттағы инфрақұрылымды жаңартуға 42,9 млрд теңге қарастырылған. Ал 2026 жылы жалпы құны 5,1 млрд теңгені құрайтын 12 жобаны іске асыру жоспарланған.
Бүгінде оның 10 жобасы бойынша конкурстық рәсімдер аяқталып, жеңімпаз мердігерлер анықталды. Қалған 2 жоба бойынша конкурстық рәсімдер жалғасуда. Жобаларды қаржыландыру мақсатында мемлекеттік бағалы қағаздар шығару мәселесі қолдау тауып, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігімен тиісті рәсімдер жүргізілуде.
Аталған жобалар елді мекендердің инженерлік инфрақұрылымын жақсартуға, ауыз су жүйелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге және су бұру қызметтерінің сапасын арттыруға бағытталған.
Жалпы, Түркістан облысында энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Жоспарланған жобалардың толық жүзеге асуы электр энергиясымен қамту сапасын арттырып қана қоймай, өңірдің өндірістік әлеуетін дамытуға, жаңа инвестиция тартуға және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға оң ықпал етеді. Бұл – облыстың инженерлік инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам.


