9 қарашадан бастап еліміздегі тағы үш тасжолда орташа жылдамдықты бақылау жүйесі іске қосылады, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.
9 қарашадан бастап республикалық маңызы бар тасжолдардың тағы үш учаскесінде орташа жылдамдықты бақылау жүйесі іске қосылады. Атап айтқанда, Алматы – Қорғас, Қарағанды – Бурылбайтал және Қызылорда – Арал бағыттарындағы тасжолдарда бақылау жүргізіледі.
Аталған жүйе көлік құралының бақылау аймағына кірген және одан шыққан уақытын тіркейді. Жүріп өткен арақашықтық пен уақыт негізінде орташа жылдамдық автоматты түрде есептеледі. Осылайша жүргізушінің камера алдында ғана жылдамдықты төмендетуі жеткіліксіз, жолдың бүкіл бақыланатын бөлігінде белгіленген жылдамдық режимін сақтау маңызды.
Ішкі істер министрлігі қала сыртындағы жолдарда, әсіресе қозғалыс қарқыны төмен және жол түзу болған жағдайда жүргізушілердің жылдамдықты байқамай асырып жіберуі мүмкін екенін ескертеді. Ал жоғары жылдамдық ауыр жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі болып саналады. Мұндай оқиғалардың салдарынан жүргізушілер мен жолаушылар зардап шегеді.
Сонымен қатар қараша айында күннің ерте батуына, жолдарда көктайғақ, тұман және қардың болуына байланысты жол қозғалысына қатысушылардан ерекше сақтық талап етіледі.
Осыған байланысты ІІМ жүргізушілерді жол бойында белгіленген жылдамдық режимін сақтауға, ауа райы мен жол жағдайын ескере отырып, қауіпсіз жылдамдықты таңдауға шақырады.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтау – әрбір жүргізушінің жауапкершілігі. ІІМ азаматтарды өздерінің және жақындарының өмірі мен қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға үндейді.


