Түркістан облысы Шардара қаласында полицейлер мопед басқарған жасөспірімді анықтап, оның өмірі мен қауіпсіздігіне төнуі мүмкін қатердің алдын алды. Оқиға полицейдің қызметтік көлігінің бейнетіркегішіне түсірілген, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.
Нақтырақ айтсақ, патрульдік полиция инспекторлары тіркелмеген мопедті байқап, жүргізушіге тоқтау туралы талап қойған. Алайда ол полицейлердің заңды талабына бағынбай, оқиға орнынан қашуға әрекеттенген.
Тәртіп сақшылары уақыт жоғалтпай, жедел әрекет етті. Мопедтің қозғалыс бағытын бақылауға алып, тоқтатты. Осылайша құқық бұзушының әрі қарай қашуына жол берілмеді.
Тексеру барысында мопед тізгіндеген азаматтың кәмелетке толмаған жасөспірім екені, сондай-ақ оның көлік құралын басқаруға қажетті жүргізуші куәлігі жоқ екені анықталды.
Заң талаптарына сәйкес, көлікті басқару құқығы жоқ адамның оны басқарғаны және полиция қызметкерінің көлікті тоқтату туралы заңды талабын орындамағаны үшін тиісті әкімшілік шаралар қабылданды. Мопед арнайы айыптұрағына қойылды.
Жасөспірімнің ата-анасына қатысты әкімшілік материал сотқа жолданды.
Полиция ескертеді: ата-аналар кәмелетке толмаған балалардың көлікті заңсыз басқаруына жол бермеуі тиіс. Мұндай жауапсыздық баланың ғана емес, өзге де жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндіреді.


