Шетелдік дипломаттарға Мемлекет басшысы Жолдауының негізгі ережелері түсіндірілді

Шетелдік дипломаттарға Мемлекет басшысы Жолдауының негізгі ережелері түсіндірілді

Астана, 2026 жылғы 9 қараша - Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі шетелдік дипломатиялық өкілдіктер мен халықаралық ұйымдар басшылары үшін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауына арналған брифинг ұйымдастырды. Іс-шараға дипломатиялық корпустың шамамен 100 өкілі қатысты. Спикер ретінде Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев және Көлік вице-министрі Дамир Қожахметов сөз сөйледі, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.

Кездесуді ашқан М.Тілеуберді Тәуелсіздіктің 35 жылдығында жария етілген Президент Қ.ТоқаевтыңЖолдауы өткен жылдардың қорытындысын шығарып, елдің ұзақ мерзімді даму стратегиясын айқындайтынын атап өтті. Ол жаһандық турбуленттілік дәуірде Қазақстанның сыртқы саясатта сабақтастықты сақтап, конструктивті диалогқа, халықаралық міндеттемелерді сақтауға және мұқият өлшенген прагматизмге сүйенетінін ерекше атап көрсетті. 2025 жылы тікелей шетелдік инвестициялар ағыны 14,4%-ға өсіп, 20,5 млрд. долларды құрады. «Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кең ауқымды реформалары – сіздердің елдеріңізге, іскер топтарыңыз бен инвесторларыңызға бағытталған өзара тиімді ынтымақтастыққа шын жүректен және ашық шақыру», – деп атап өтті.

Сыртқы істер министрі 2029 жылдың соңына дейін инфрақұрылымды жаңғыртуға Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн. теңге бағытталатынын, ал 2027 жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс» жылы деп жариялау ұсынылғанын еске салды. Қазақстан серіктестерге көпжылдық жоспарлау көкжиегін, ауқымды келісімшарттарға қолжетімділікті және инвестицияларды институционалдық қорғауды ұсынады. Министр ынтымақтастықтың басым салалары ретінде энергетиканы, агроөнеркәсіп кешенін, цифрландыру мен жасанды интеллектіні, сондай-ақ суды атады. Ол инвесторларға арналған құқықтық кепілдіктерге егжей-тегжейлі тоқталды: Алатау қаласында ағылшын жалпы құқығы негізінде Инвестициялық сот құрылады, ал 2027 жылдың соңына дейін жаңа Азаматтық кодексті қабылдау жоспарланып отыр. Министрдің атап өтуінше, Қазақстанның шетелдегі мекемелеріне әрбір маңызды инвестициялық жобаны жеке сүйемелдеуді қамтамасыз ету жөнінде нақты нұсқаулар берді.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев«Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс» бағдарламасы отандық өнеркәсіптің дамуына қосымша серпін беруге және инвестиция тартуға арналғанын атап өтті. Оның айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген бағыт аясында өңдеу өнеркәсібінің ЖІӨ-дегі үлесі 13%-ға жетіп, тау-кен саласының үлесінен асып түсті, ал 2023 жылдан бері елде 647 жоба іске асырылды. Ол ең перспективті бағыттар ретінде машина жасауды, металлургияны, химия өнеркәсібін және электротехниканы атап, инвесторларға салықтық және кедендік преференциялар, инфрақұрылымы бар жер учаскелері және «бір терезе» қағидаты бойынша сүйемелдеу ұсынылатынын мәлімдеді. «Біздің мақсатымыз – инвестиция тарту ғана емес, технологиялар трансферті, өндірісті локализациялау, шикізатты терең өңдеу, кадр даярлау және бәсекеге қабілетті өнім шығару негізінде ұзақ мерзімді индустриялық әріптестік құру», – деді министр.

Көлік вице-министрі Дамир Қожахметов Мемлекет басшысының Жолдауы саланың алдына қоятын міндеттер туралы айтып берді: Қазақстан Еуразияның жетекші логистикалық хабына айналуы және транзиттік аумақ рөлінен халықаралық жүк ағындарын ұйымдастырушы рөліне көшуі тиіс. Оның айтуынша, Қытай мен Еуропа арасындағы құрлықтық жүктің шамамен 85%-ы қазірдің өзінде Қазақстан арқылы өтеді, ал өткен жылы транзит 18%-ға өсіп, 39,1 млн тоннаға жетті. Жақын арадағы жобалар қатарында ол Бақты–Аягөз теміржол желісін, Арал–Каспий күре жолын, Ресей және Қырғызстан шекараларындағы барлық 37 автомобиль өткізу пунктін жаңғыртуды және Астанада жаңа әуежай салуды атады. Д.Қожахметов Транскаспий халықаралық көлік бағытына ерекше назар аударып, шетелдік серіктестерді порттарға, әуежайларға және логистикалық орталықтарға инвестиция салуға шақырды. «Қазақстан теңізге шыға алмайтын ел мәртебесінен құрлықтарды байланыстыратын ел мәртебесіне көшуде», – деді ол.

Сұрақ-жауап сессиясы барысында дипломатиялық өкілдіктер басшылары Қазақстанның инвестициялық ахуалына, инвестицияларды қорғау кепілдіктеріне, жобаларға қатысу шарттарына, көлік дәліздерін дамытуға және сирек кездесетін минералдар саласындағы ынтымақтастыққа ерекше қызығушылық танытты. Спикерлер толыққанды жауаптар беріп, одан әрі диалогқа дайын екендіктерін білдірді. Қорытынды сөзде Қазақстанның шетелдегі дипломатиялық өкілдіктері заманауи өндірістер құруға және технологиялар беруге мүдделі компанияларға жан-жақты қолдау көрсететіні, ал Қазақстан ұзақ мерзімді инвестициялық әріптестікке ашық екені атап өтілді.

Презентация КМ

Презентация ӨҚМ

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Өндірістік кәсіпорын үшін тапсырысты уақытында орындау ғана емес, дайын өнімнің клиент күткен сипаттамаларға толық сәйкес келуі де маңызды. Егер...

Мемлекет басшысы жиында сөйлеген сөзінде Қазақстан спортшылары Жапонияда өткен ХХ Жазғы Азия ойындары мен V Азия параойындарында тамаша нәтиже...