Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев Түркістан облысына жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысының Жолдауын түсіндіру бойынша кездесулер өткізді. Ол азаматтық қоғам институттарының, ғылыми қауымдастықтың өкілдерімен, студенттермен және Түркістан қаласының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.
Кездесулерде Талғат Момышев Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында министрлік атқарып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
2023 жылғы қыркүйектен бастап су саласының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі шамамен 1 трлн теңгені құрады. Қазіргі уақытта 4,6 мың шақырымнан астам ирригация желісі жаңғыртылып жатыр.
Түркістан облысында жалпы сыйымдылығы 69,1 млн текше метр болатын «Бәйдібек ата» және «Қарақуыс» су қоймаларының құрылысы жүргізілуде. Құрылыс-монтаж жұмыстары биыл аяқталады деп жоспарланған.
Суды үнемдеу технологияларын енгізуге де ерекше көңіл бөлініп отыр. Осы бағытта инвестициялық субсидиялар көлемінің өтелу үлесі 80 пайызға дейін ұлғайтылды. Жалпы, республика бойынша 702,3 мың гектар жерге су үнемдеу технологиялары енгізілген. Оның ішінде 132 мың гектар алқап Түркістан облысына тиесілі. Биыл өңірде су үнемдеу технологияларын енгізуді субсидиялауға 31,3 млрд теңге қарастырылған.
Сондай-ақ вице-министр Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін дамыту жұмыстары және автокөлік жуу орындарында орталықтандырылған ауызсуды пайдалануды шектейтін Су кодексіне енгізілген түзетулер туралы айтып берді. Кездесулер соңында Талғат Момышев тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.


