Түркістан облысында "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында "Есірткісіз болашақ" атты нашақорлыққа қарсы форум өтті, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.
Ауқымды іс-шара облыс көлемінде ұйымдастырылған онкүндік профилактикалық жұмыстарының қорытындысына арналды.
Форумға ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы Абай Жүсіпов, ҚР Құрылтайының депутаты Гүлісхан Нахбаева, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Олжас Сүлеймен, "Жайдарман" жобасының жетекшісі Есен Елеукен, сондай-ақ Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров, сондай-ақ ҰҚК Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Болат Қалмұрзаев, прокуратура, сот, полиция және өзге де құзырлы органдардың өкілдері мен жастар қатысты.
Форум қонақтарын полициядағы робот ит қарсы алды. Дронның көмегімен аумақты бақылау және құқық бұзушылықтарды анықтау мүмкіндіктері көрсетілді.
Сонымен қатар қызметтік иттердің көмегімен жасырылған есірткі заттарын табу, арнайы жасақ қызметкерлерінің күдіктіні ұстау кезіндегі тактикалық әдіс-тәсілдері көпшілік назарына ұсынылды. Бұдан кейін қонақтар “Жас сақшы” сыныбы оқушыларының сурет салу, қолөнер көрмелерін тамашалады.
Форумның ресми бөлімінде облыс әкімі Нұралхан Көшеров сөз сөйлеп, есірткіге қарсы күресте мемлекеттік органдар мен қоғамның бірлескен жұмысының маңыздылығына тоқталды.
Ал Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров өз сөзінде жастарға дұрыс бағыт-бағдар беріп, қауіпсіз орта қалыптастыру ортақ міндет екенін жеткізді. Ол ұстаздар мен ата-аналарды жасөспірімдердің тәрбиесіне бейжай қарамауға шақырып, жастарды оңай табысқа қызықпай, білім мен адал еңбекке ұмтылуға үндеді. «Мен елінің ертеңі үшін еңбек ететін жастарға сенемін!» деп сөзін қорытындылады.
Айта кетсек, Түркістан облысында полицейлер биылғы жылдың 10 айында 332 құқық бұзушылықты анықтап, заңсыз айналымнан 1 тоннаға жуық есірткі тәркіледі. 1 360 интернет-ресурсты бұғаттап, 2 320 банк картасының айналымына шектеу қойды, есірткіні жарнамалайтын 515 граффити жазбасын жойды. Алдын алу бағытында 1 300-ге жуық профилактикалық іс-шара өткізіліп, оған 144 000-нан астам адам қамтылды.
Форумның спикерлер алаңында Гүлісхан Нахбаева, Олжас Сүлеймен, Абай Жүсіпов және Есен Елеукен болды. Арнайы шақырылған қонақтар жастардың қатысушылар жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, саналы таңдау жасау, азаматтық белсенділігін арттыру, бос уақытын тиімді ұйымдастыру және есірткіге қарсы көзқарасты нығайту мәселелерін талқылады.
Жиын барысында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Ерлер хоры патриоттық әндер орындады. Форумның қорытынды бөлімінде әнші, "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Ибрагим Ескендір мен "Алтын домбыра" жас домбырашылар ансамблі өнер көрсетті.


