Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров Әзербайжан Республикасы Президентінің климат мәселелері жөніндегі өкілі Мұхтар Бабаевпен екіжақты кездесу өткізді, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында тараптар Каспий теңізінің экологиялық жағдайына қатысты өзекті мәселелерді талқылап, оны сақтау мақсатында Каспий маңы мемлекеттерінің күш-жігерін біріктірудің және өңірлік ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
Министр Ә. Қуантыров Әзербайжан тарапын Қазақстанның Каспий теңізінің ең өзекті экологиялық мәселелерін шешуге бағытталған бастамаларынан хабардар етті. Атап айтқанда, 2026 жылғы 9 қазанда Түрікменстанның «Аваза» ұлттық туристік аймағында өткен Бірінші Каспий экологиялық саммитінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған бастамаларға тоқталды.
Кездесуде М. Бабаевтың назары Қазақстан Республикасы Президентінің Каспий теңізін сақтау жөніндегі Мемлекетаралық бағдарламаны әзірлеу туралы бастамасына аударылды. Бұл бағдарлама Каспийдің бірегей экожүйесін қорғау бойынша Каспий маңы елдерінің үйлестірілген іс-қимылдарының негізіне айналуға тиіс.
Сонымен қатар тараптар Қазақстан Президентінің БҰҰ жүйесі аясында су ресурстары саласындағы жаһандық үйлестіруді нығайтуға және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасын ілгерілету мәселелері бойынша пікір алмасты.
Мұхтар Бабаев Мемлекет басшысының аталған бастамаларын қолдайтынын білдіріп, олардың өңірлік өзара іс-қимылды нығайту және Каспий теңізінің экологиялық мәселелерін шешу бойынша ортақ тәсілдерді әзірлеу үшін маңыздылығын атап өтті.
Тараптар қазақ-әзербайжан ынтымақтастығын одан әрі дамытуға және Каспий теңізін сақтау бағытындағы күш-жігерді үйлестіруге өзара мүдделі екенін растады.


