Орталық Азия бизнесі БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жолында күш біріктіруде

Орталық Азия бизнесі БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жолында күш біріктіруде

Әлеуметтік бастамалар, экологиялық жобалар, энергетиканы жаңғырту және инновациялық технологияларды енгізу Алматы қаласында өткен Орнықты даму форумының негізгі тақырыптарына айналды, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Ұлттық экономика министрлігіне сілтеме жасап.

Іс-шараны Орталық Азиядағы БҰҰ Жаhaндық шартының желісі ұйымдастырды. Форум Біріккен Ұлттар Ұйымының күніне орайластырылып, мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, бизнес, банк секторының өкілдері мен сарапшылар қауымдастығының басын қосты. Қатысушылар жеке сектордың Орнықты даму мақсаттарына (ОДМ) қол жеткізуге қосатын үлесін, әлеуметтік жауапты кәсіпкерлікті дамыту және өңірлік ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.

Форумда ҚР Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы өкілдігінің басшысы, Ерекше тапсырмалар жөніндегі елші Жәнібек Әбдірашев, Қазақстандағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча және БҰҰ Жаhандық шартының Таяу Шығыс пен Шығыс Еуропа бойынша өңірлік басшысы Анита Лебиар сәлемдеме сөз сөйледі.

Форум аясында ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Әлеуметтік саланы, құқық қорғау және арнайы органдарды дамыту департаментінің директоры Нұргүл Жанназарова Қазақстанның Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу бағытындағы негізгі нәтижелерін таныстырып, алдағы жұмыстың басым бағыттарын айқындады. Ол 2030 жылға дейінгі Орнықты даму саласындағы күн тәртібін іске асыру үшін мемлекет, бизнес және азаматтық қоғам күш-жігерін біріктірудің маңыздылығын атап өтті.

Бизнестің әлеуметтік инвестициялары мен экологиялық бастамалары

Форумның негізгі тақырыптарының бірі - бизнестің өңірдегі әлеуметтік және экологиялық мәселелерді шешуге қосатын практикалық үлесі болды. Қатысушылар денсаулық сақтау, білім беру, экология және инфрақұрылымды дамыту салаларындағы әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыру тәжірибелерімен бөлісті.

Ұсынылған бастамалардың қатарында аутизм спектрінің бұзылыстары бар балаларды қолдау орталықтарының желісін құру, білім беру және қоғамдық нысандар салу, төтенше жағдайлардан кейін тұрғын үйлерді қалпына келтіру, сондай-ақ табиғи экожүйелерді, соның ішінде Арал теңізінің құрғаған түбін қалпына келтіруге бағытталған экологиялық жобалар бар.

Бұдан бөлек, бизнестің алты бағытты қамтитын әлеуметтік бағдарламаларына ерекше назар аударылды. Олар: білім беру және технологиялар, мәдениет пен шығармашылық, спорт, қоғамдық инфрақұрылымды дамыту, шахмат және қызметкерлердің мүмкіндіктерін кеңейту.

Атап айтқанда, білім беру бастамалары аясында 137 мың оқушы олимпиадаларға қатысып, жоғары оқу орындарында білім алуға арналған 410 грант пен стипендия бөлінді. Сонымен қатар мектептерде 550 жаңа оқу орны ашылды.

Спорт бағытында 2024-2025 жылдары футболды мақсатты қолдау бағдарламаларымен 20 мың адам қамтылды. Ал, 2023-2024 жылдары іріктеуге қатысу үшін 23,4 мың өтінім түскен. Бұдан бөлек, инклюзивті секциялар мен бейімделген спорт кешендерінде 370 жаңа орын құрылды.

Табиғатты қорғау бастамаларының қатарында Ақтаудағы Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығы таныстырылды. 2019 жылдан бері орталық мамандары ғылыми зерттеулер жүргізіп, жануарларды оңалтумен айналысып, сирек кездесетін осы түрді сақтауға үлес қосып келеді.

Сонымен қатар форумға қатысушылар айналмалы экономика саласындағы инновациялық шешімдермен танысты. Олардың қатарында мұнай шламдарын құрылыс материалдарына қайта өңдеу және металлургия қалдықтарын пайдалана отырып, экологиялық таза бетон өндіру жобалары бар.

SDG Champions: бизнестің Орнықты дамуға қосқан үлесін мойындау

Ресми бағдарламаның қорытынды кезеңі SDG Champions байқауы жеңімпаздарын марапаттау рәсімімен аяқталды. Салтанатты шараға қазылар алқасының мүшесі Нұргүл Жанназарова қатысты. Байқау Орнықты даму қағидаттарын өз қызметіне енгізіп, өзекті әлеуметтік, экономикалық және экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған бастамаларды жүзеге асыратын компанияларды қолдауға бағытталған.

Биыл байқауға үш елден 20 компания өз жобаларын ұсынды. Олардың 18-і Қазақстаннан, біреуі - Өзбекстаннан және біреуі – Қырғызстаннан.

Ірі бизнес санатында Гран-при жүлдесін Қазақстанның екі компаниясы иеленді. Сонымен қатар Bank CenterCredit, Aitas KZ, Қырғызстанның Eldik Bank, Freedom Holding Corp., KMF Bank, Өзбекстанның O'Ztransgaz, QazaqGaz және Kazgiproneftetrans компаниялары да жүлдеді орындарға ие болды.

Форум тәжірибе алмасу және Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған нақты шешімдерді таныстыру алаңына айналды. Ұсынылған бастамалар бизнестің экономикалық дамуға ғана емес, сонымен қатар халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, табиғи ресурстарды сақтауға және Орталық Азияның орнықты болашағын қалыптастыруға да елеулі үлес қоса алатынын көрсетті.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ