Сауда министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңесте әуе билеті бағасының ашықтығы талқыланды

Сауда министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңесте әуе билеті бағасының ашықтығы талқыланды

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінде Қоғамдық кеңестің биылғы жылға соңғы отырысы өтті. Жиында электрондық сауданы дамыту, бірыңғай өңірлік цифрлық нарық құру және ішкі әуе рейстеріне билет бағасының ашықтығын қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Жиын Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев пен Қоғамдық кеңес төрағасы Руслан Шаекиннің төрағалығымен өтті. Оған мемлекеттік органдар, салалық қауымдастық және бизнес өкілдері қатысты, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.

Министр Қоғамдық кеңес мүшелеріне жыл бойы атқарған жұмысы мен ынтымақтастығы үшін алғыс айтып, электрондық сауданы дамыту және отандық бизнесті қолдаудың маңыздылығын атап өтті.

Жиында көтерілген негізгі мәселелердің бірі - қазақстандық және шетелдік маркетплейстерге тең бәсекелестік жағдай жасау. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы Қазақстандағы бөлшек электрондық сауда көлемі 3,77 трлн теңгеге жетіп, 19,4%-ға өсті. Осыған байланысты қатысушылар шетелдік интернет-дүкендерден тауар сатып алу кезінде салық салу, кедендік бақылау және тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелерін талқылады. Сонымен қатар Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан және Түрікменстан үшін ортақ цифрлық нарық құру бастамасы қаралды. Бұл бағытта елдер арасындағы төлемдерді жеңілдету, электрондық құжаттарды өзара тану және IT-компаниялардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау ұсынылды.

Қоғамдық кеңес мүшесі Марлен Смаилов Қазақстан ішіндегі әуе рейстеріне билет бағасының қалай белгіленетіні және оның ашықтығы мәселесін көтерді. Талқылау нәтижесінде Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне Көлік министрлігімен және Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, әуе билеттерінің бағасына мониторинг жүргізу және тарифтердің қалай қалыптасатынын зерделеу ұсынылды.

Сондай-ақ жолаушыларға билет бағасын әр күн бойынша салыстыруға мүмкіндік беретін баға күнтізбесін енгізу және билеттердің бағасы өзгерген жағдайда хабарлама жіберу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. Отырыста көтерілген барлық бастамалар мен ұсыныстарды жауапты мемлекеттік органдар пысықтайды. Ал олардың орындалуы Қоғамдық кеңестің бақылауында.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ