Ұлттық киім киген қыздар COP31 конференциясындағы Қазақстан павильонының жұлдыздарына айналды

Ұлттық киім киген қыздар COP31 конференциясындағы Қазақстан павильонының жұлдыздарына айналды

Түркияның Анталья қаласында өтіп жатқан БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы тараптарының 31-конференциясында (COP31) Қазақстанның ұлттық павильоны іскерлік бағдарламасымен ғана емес, ұлттық мәдениетімізді айшықты таныстыруымен де қонақтардың назарын аударып отыр, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.

Павильонға келушілерді қарсы алып жүрген қазақтың ұлттық киіміндегі екі қыз саммит қатысушыларының ерекше ықыласына бөленді. Бес күннен бері конференция қонақтары, шетелдік делегациялар мен көршілес павильондардың өкілдері олармен бірге суретке түсу үшін тоқтайды. Естелік суретке түскісі келетіндердің көптігі сонша, Қазақстан павильонының алдында тіпті кезек те пайда болады.

Көпшіліктің ықыласына бөленген Райхан Вильямис пен Айзере Маханбет Қазақстаннан келген студенттер. Олар ұлттық павильон жұмысына ерікті ретінде атсалысып жүр.

Райхан Алматыдан келген. Қазір Антальяда «Түрік тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша магистратураның екінші курсында оқиды. Ал Оралдан келген Айзере «Саясаттану және халықаралық қатынастар» бағыты бойынша бакалавриаттың екінші курсында білім алып жүр.

Қыздардың арқасында COP31 қонақтары Қазақстан павильонымен танысып қана қоймай, еліміздің ұлттық мәдениетіне де қызығушылық танытып отыр. Олардың ұлттық киімдері павильонның айрықша белгілерінің біріне айналып, жанынан өтіп бара жатқан қатысушылардың да назарын аударуда.

Еске сала кетейік, COP31 конференциясындағы Қазақстанның ұлттық павильоны еліміздің табиғи мұрасын, заманауи экологиялық жобалары мен болашақ технологияларын таныстырады. Тұран жолбарыстары бейнесінде жасалған Үміт пен Амур атты интерактивті гидтер келушілердің ерекше қызығушылығын тудырып отыр. Олар жасанды интеллект негізінде жұмыс істейді. Экспозицияда ормандарды қалпына келтіру, қалдықтарды қайта өңдеу, метан шығарындыларын азайту және жасыл энергетиканы дамыту жобалары да ұсынылған. Каспий мен Арал теңіздерінің экожүйелерін сақтауға, сондай-ақ климаттық мониторингке арналған цифрлық шешімдерге ерекше назар аударылған.

COP31 аясында Қазақстан делегациясы жаңартылатын энергетиканы дамытуға және газ инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған жалпы сомасы шамамен 1,2 млрд доллар болатын бірқатар келісімге қол қойды. Құжаттар Түркістан және Қостанай облыстарында жел электр станцияларын салуды, сондай-ақ газды есепке алудың зияткерлік жүйелерін енгізуді көздейді.

9–20 қараша аралығында Қазақстан павильонында климаттық қаржыландыру, көміртегі нарықтарын дамыту, циркулярлық экономика, жасыл технологиялар және халықаралық ынтымақтастық тақырыптарына арналған барлығы 38 іс-шара өткізу жоспарланған.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров Әзербайжан Республикасы Президентінің климат мәселелері жөніндегі өкілі Мұхтар...