Конституцияның қоғам өміріндегі маңызын сөз еткенде, азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне қатысу құқығына ерекше назар аудару қажет. Себебі мемлекет дамуының сапасы тек қабылданған шешімдермен емес, сол шешімдердің халықтың қажеттілігі мен сұранысына қаншалықты сәйкес келетінімен өлшенеді.
Бүгінде жергілікті жерлердегі мәселелерді шешуде тұрғындардың пікірін ескеру, қоғамдық талқылаулар ұйымдастыру және азаматтардың ұсыныстарын мемлекеттік органдардың жұмысында басшылыққа алу өзекті. Әсіресе, Түркістан облысы секілді ауылдық елді мекендері көп өңір үшін бұл бағыттың маңызы зор.
Ауыл тұрғындары үшін ауызсу, сапалы жол, мектеп, медициналық қызмет, қоғамдық көлік және жұмыс орындары – күнделікті өмірге тікелей әсер ететін мәселелер. Сондықтан жергілікті басқару органдары тұрғындармен тұрақты байланыс орнатып, олардың өтініштері мен ұсыныстарына уақытылы жауап беруі қажет. Халықтың пікірін ескеру басқару шешімдерінің тиімділігін арттырады.
Меніңше, азаматтардың қоғамдық бақылауға қатысуы да құқықтық мемлекеттің маңызды белгілерінің бірі. Бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына, инфрақұрылымдық жобалардың сапалы орындалуына және мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесіне қоғам тарапынан бақылау жасалуы ашықтықты күшейтеді.
Конституция азамат пен мемлекет арасындағы өзара байланыстың құқықтық негізін қалыптастырады. Ал осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану – әрбір азаматтың белсенділігіне байланысты. Халықтың үні естілетін, тұрғындардың ұсынысы ескерілетін және мемлекеттік шешімдердің орындалуына қоғамдық бақылау жасалатын ортада ғана сенім мен жауапкершілік нығаяды. Бұл – дамыған әрі әділетті қоғам қалыптастырудың маңызды шарты.


