Әскери-техникалық мектеп филиалдары Қарулы күштерге 300-ден астам жүргізуші дайындады

Әскери-техникалық мектеп филиалдары Қарулы күштерге 300-ден астам жүргізуші дайындады

Қорғаныс министрлігіне қарайтын Әскери-техникалық мектептердің Алматы, Қарағанды, Павлодар, Тараз, Талдықорған, Орал, Өскемен және Шымкент филиалдарында B, C және C1 санаттары бойынша жүргізуші курсын бітіргендердің салтанатты рәсімі өтті, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Үш ай бойы білім алушылар автомобиль техникасының құрылымы, оны пайдалану ережелері бойынша теориялық білім алып, көлік жүргізу дағдыларын іс жүзінде меңгерді.

Сонымен қатар оқу барысында әскери қызмет негіздерін үйреніп, армия өмірімен және жауынгерлік дәстүрлермен танысты.

– Жүргізушілерді даярлау сегіз филиалда жүзеге асырылды. Тиісті дайындықтан өткен 334 шақырылушы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында емтихан тапсырып, B, C санаттары және C1 кіші санаты бойынша жүргізуші куәліктерін алды. Осылайша, біз әскерге қызмет жағдайына тез бейімделе алатын, даярлығы бар әрі ынталы азаматтарды жолдаймыз, – деді Қорғаныс министрлігі Әскери-техникалық мектебінің бас директоры, отставкадағы генерал-майор Әділбек Алдабергенов.

Алматы қаласында өткен салтанатты іс-шараға қалалық қорғаныс істері департаменттің өкілдері, әскери-техникалық мектептер филиалының басшылығы мен оқытушылары, құрметті қонақтар және шақырылушылардың ата-аналары қатысты.

Теориялық және практикалық емтихандардың қорытындысы бойынша үздік түлектер төсбелгілермен, грамоталармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

– Осы үш айда көп нәрсе үйрендік. Курсты аяқтаған соң жүргізуші куәлігін алдым. Ол маған әскери қызмет кезінде де, азаматтық салада да қажет болады. Сондықтан әскерге белгілі бір даярлықпен бара жатырмын. Бұл маған сенімділік береді, – деді әскерге шақырылушы Рамазан Кәмелжан.

Мерзімді әскери қызметке шақырылғанға дейін мамандар даярлау – Қазақстандағы әскери реформаны іске асырудың практикалық қадамдарының бірі. Мұндай тәсіл әскерге шақырылатын азаматтардың даярлық сапасын арттыруға, әскери бөлімдерді білікті кадрлармен толықтыруға және жас сарбаздардың әскери қызмет жағдайына бейімделу мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ