Қазақстан мен Бельгия жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды іс жүзінде іске асыруға көшті

Қазақстан мен Бельгия жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды іс жүзінде іске асыруға көшті

Брюссель, 2026 жылғы 17 қараша - Бельгияға жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Бельгия Корольдігі Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Максим Превомен келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.

Тараптар Қазақстан-Бельгия қатынастарын дамыту перспективаларын, саяси диалогты нығайту, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша өзара іс-қимылды талқылады.

Қазақстан-Бельгия ынтымақтастығын нығайтудың негізгі факторы жоғары деңгейдегі саяси диалогты қарқындату болып табылады. Осы тұрғыда 2026 жылғы маусымда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бельгияға жасаған ресми сапарының, сондай-ақ екіжақты қатынастарды дамытудағы маңызды кезеңге айналған 2026 жылғы қазанда Бельгиялықтар Королі Филипптің Қазақстанға жасаған тарихи мемлекеттік сапарының қорытындыларына ерекше назар аударылды.

Мемлекет басшыларының Бірлескен мәлімдемесінің қабылдануы және 40 екіжақты құжатқа, оның ішінде 16 коммерциялық келісімге, ғылым және білім беру саласындағы 22 келісімге, денсаулық сақтау саласындағы меморандумға, сондай-ақ 2027–2029 жылдарға арналған ведомствоаралық ынтымақтастықтың жол картасына қол қойылуының маңыздылығы атап өтілді.

«Біз бұл сапарға, яғни ұзақ уақыттан кейінгі алғашқы сапарға шын мәнінде жоғары баға бердік. Ол біздің байланыстарымызды нығайту үшін қолайлы кезеңде өтті деп есептеймін. Бұл Қазақстанның стратегиялық әріптесіміз болуымен ғана емес, сонымен қатар стратегиялық маңызы бар өңірде орналасуымен де байланысты», – деп атап өтті М. Прево.

Министрлер қол жеткізілген уағдаластықтарды, ең алдымен, өнеркәсіптік кооперация, маңызды минералдық ресурстар, көлік және логистика, энергетика, цифрландыру, жасанды интеллект және ғылыми-технологиялық ынтымақтастық салаларында іс жүзінде іске асыру қажеттігін атап өтті.

Сауда-экономикалық салада екіжақты өзара іс-қимылдың оң серпіні байқалатыны айтылды. 2005 жылдан бері Бельгияның Қазақстанға салған инвестицияларының көлемі 15 млрд АҚШ долларынан асты. Бұл ретте 2025 жылы Бельгиядан тікелей инвестициялардың жалпы ағыны 1 млрд АҚШ долларынан астам болды. Бельгиялық компаниялардың Қазақстандағы қызметін кеңейтуге, сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік бағытын (Орта дәліз) дамытуға мүдделі екендіктері расталды.

«Біз әлемдік мұхитқа тікелей шығатын жолы жоқ елміз. Алайда осы географиялық ерекшелікті артықшылыққа айналдырып, одан барынша мол мүмкіндік алуға ұмтылып отырмыз», – деп атап өтті М. Тілеуберді.

Саяси байланыстарды одан әрі нығайту тұрғысында парламентаралық ынтымақтастықты кеңейту және Бельгия сыртқы саяси ведомствосы басшысының Қазақстанға сапарын ұйымдастыру мәселелері күн тәртібіне енгізілді. Өз кезегінде М. Прево Орталық Азия елдеріне жоспарланған турнесі аясында 2027 жылы Қазақстанға сапар жасауға ниетті екенін растады.

Тараптар 2026 жылғы 1 қарашадан бастап Қазақстан мен Бенилюкс елдерінің қызметтік паспорт иелері үшін визасыз режимнің күшіне енуін жеке атап өтіп, сондай-ақ әмбебап халықаралық ұйымдар шеңберінде екі елдің бастамалары мен кандидатураларына өзара қолдау көрсету мәселелерін егжей-тегжейлі талқылады.

Келіссөздер қорытындысы бойынша жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды дәйекті түрде іске асыруға және Қазақстан-Бельгия көпқырлы әріптестігін одан әрі нығайтуға өзара мүдделілік расталды.

Бельгия Қазақстанның Батыс Еуропадағы маңызды экономикалық әріптестерінің бірі болып табылады. Қазақстан Республикасында бельгиялық капиталдың қатысуымен 110-нан астам компания тіркелген. 2005 жылдан бері Бельгиядан Қазақстанға салынған тікелей инвестициялардың жиынтық көлемі 15 млрд АҚШ долларынан асты. 2027 жылы Қазақстан мен Бельгия дипломатиялық қатынастар орнатылуының  35 жылдығын атап өтеді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

ІІМ көлік жүргізу құқығынан айырылғандардың рөлге отыруына қатаң тосқауыл қоюда. 5 күнде 115 адам қамауға алынды, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР...

Түркістан қаласында жастар кәсіпкерлігін дамыту жергілікті экономиканың болашағы үшін маңызды бағыттардың бірі болып саналады. Жас азаматтардың жеке кәсібін...